МИНИСТР ҚОҒАМДЫҚ ТАЛҚЫЛАУҒА СЕБЕП БОЛҒАН МӘСЕЛЕ ҮШІН СӨГІС АРҚАЛАДЫ

Киік – қазақ үшін киелі жануар. Соңғы уақытта оның популяциясына қатысты қоғамда пікір көбейді. Ресми статистикаға сенсек, өткен ғасырдың 90-жылдарында еліміздегі киіктер саны 1 миллионнан асып жығылатын. Дегенмен қытайлық медицинада оның мүйізі кең сұранысқа ие болуына байланысты тұяқты жануарлардың саны 90 пайызға дейін қысқарып кетті. Нәтижесінде араға он жыл салып еліміздегі киіктің саны 21 мыңға дейін түсті.

 

Олардың популяциясын сақтау үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін киіктерді аулауға мораторий енгізді. Бұл бағыттағы шаралар өз нәтижесін беріп, тұяқты жануарлардың қатары қайта көбейді. 2020 жылы олардың саны 800 мыңнан асты. Киіктердің кедергісіз жүріп-тұруы үшін көрші елдермен келісімдерге қол қойылды. «Охотзоопром» кәсіпорны құрылып, жануарлардың сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлерін сақтау, қалпына келтіру және олардың санын есепке алу жұмыстарын жүргізетін болды. Сөйтіп биыл тұяқтылардың саны 1 млн 300 мыңға жетті. Киік санының көбеюі шаруалардың қарсылығын тудырды. Егін мен жайылымды таптап, күзде егін жинауға кедергі келтіреді деген шаруалар да бар…

Арада көп өтпей Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Ғалымдар киіктер мәселесін реттеу қажет екенін айтып отыр. Бұл — Орал популяциясы. Қазір Орал популяциясының саны 800 мыңнан асады, соның он проценті реттеледі. Яғни 80 мың бас киік атылады» деді.
Әйтсе де министрдің жауабы көптің көңілінен шыққан жоқ. Тіпті, қоғамдық пікірге ұласып, арты дауға айналды. Бірқатар белсенділер киік санын азайтудың өзге де амалдары барын айтып, ұсыныстарын жеткізді. Желіде түрлі пікір желдей есті. Аталған мәселе президенттің құлағына да жеткен. Үкімет отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Табиғи ландшафтан 80 мың бас киікті алып қою, яғни өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Бірақ басқа да тәсілдері бар шығар. Мамандармен ақылдасыңыздар. Ал бұл – ең шетін шара ғой. Мен бұл шараға да жүгінуіміз мүмкін екенін жоққа шығармаймын.
Бірақ бұл – шетін шара, қайталап айтам. Бұл мәселеге кәсіби тұрғыда келу керек» деп Экология, геология және табиғи ресурстар министріне сөгіс жариялады. Енді ведомство басшысы киік санын реттеудің өзге де шараларын қарайды. Нақты шешімді күтеміз. Тыңнан түлен тартатын идея қажет емес деген ойдамыз.