ҚАРТЫ БАР ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР

Бүгінде Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» жұмысы жетіліп, ауқымы арта түскен. Орталықта арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерінің сапасымен қоса саны да уақыт өткен сайын артып келе жатыр. Осы орайда, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева аталған мекемеде болып, тыныс-тіршілігімен танысты.

Жалпы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» 2019 жылы құрылған. Бүгінгі таңда 500-ден астам зейнеткерге қызмет көрсетіп жатыр. Сенатор дәрігерлік тексеру, еңбек, музыка, бейнелеу өнері, қыш өнері, компьютерлік сауаттылық және өзге де бөлімдерді аралап шықты. Сенат депутаты мекеменің жұмысына оң баға беріп, тағы да осындай орталықтарды ашу керегін тілге тиек етті. Сауықтыру мекемесінде зейнеткерлерге күнделікті 2 ауысымда 4 сағаттық арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері ұсынылады. Қарттарға қызмет көрсету үшін кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт дәрігерлері жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, зейнеткерлердің емдік дене шынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисімен шұғылдануына мүмкіндіктер бар.
Осы тұста 2021 жылдың аяғында орталықтың қосымша бөлімшесі ашылғанын айта кеткен жөн. Онда қарияларға 4 сағатқа дейінгі арнаулы әлеуметтік қызметтер және жалғызбасты қарттарға 8 сағатқа дейін жартылай стационар жағдайда қызмет түрлері көрсетілуде.