90 ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Осы аптада шымкенттік көпбалалы аналар қоныс тойын тойлады. Нақтырағы, 90 отбасы әлеуметтік пәтерге ие болды. Қолданысқа берілген көпқабатты тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар сатып алу құқығынсыз берілген.

«Тұран» мен «Нұрсат» шағынаудандарында орналасқан пәтерлердің 37-і көпбалалы отбасыларға, 36-ы халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топ мүшелеріне, 17-і жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға тапсырылды. Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов пен қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов өткен салтанатты шараға қатысып, аналарды құттықтап, кілттерді табыстады. «Халқымызда «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар ғой. Баспана — отбасындағы берекенің бастауы. Сондықтан баршаңызға қоныс құтты болсын! Осы үйлердің іші қуаныш пен шаттыққа толы болсын» деді өз сөзінде Бахадыр Нарымбетов.
Жалпы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Көпбалалы аналардың жағдайы – әлеуметтік саланың барометрі» екенін тілге тиек етіп, оларды қолдау керегін тапсырған болатын. Осының негізінде қалада арендалық 20 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылы 1605 отбасыны әлеуметтік баспанамен қамту жоспарланған. Осы жылдың сәуір-мамыр айларында түрлі санаттағы 83 отбасыға пәтерлер табысталып еді.
Бұдан бөлек, «5-20-25» кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша биыл 1524 азаматты несиелік тұрғынжаймен қамтамасыз ету жоспарланған. Аталған тұрғын үйлердің конкурсы кезең-кезеңімен «Отбасы банк» арқылы жүргізілуде. Жеңілдетілген несиелік бағдарламаларға қатысушылар үшін әлеуметтік көмек ретінде Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге қаржы қаралып отыр. Тұрғын үй сертификаты «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі.