ҚАЛА ӘКІМІ ҚҰРЫЛЫСЫ БІТКЕН НЫСАНДАРДЫ ТЕКСЕРДІ
Шымкент қаласында кептеліс мәселесін шешу бағытында ауқымды істер атқарылып жатыр. Қаладағы ірі көшелердің қиылысында жолайрық салынып, көлік ағыны жоғары көшелер кеңейтілуде. Мәселен, осы апта қаладағы Д.Қонаев даңғылын ұзарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың үшінші кезеңі аяқталды. Нысанды техникалық пайдалануға беру шарасына қала әкімі Мұрат Әйтеновтің өзі қатысты.
Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Ержан Жолдасовтың сөзінше, Д.Қонаев даңғылы жалғасының құрылысы алты кезең бойынша жүріп жатыр. Түркістан көшесінен Тұрысов көшесінің қиылысына дейінгі бөлікті қамтитын бірінші бөлігі өткен жылы ашылған. Терешкова көшесіне дейінгі аралықты алып жатқан екінші кезеңде қазір құрылыс жұмыстары қызу жүруде.
«Үшінші кезең Терешкова көшесінен Бөгет көшесіне дейінгі 560 метр аралықты қамтиды. Мұнда ені 42 метрлік, 6 жолақты жол, аяқ жолдар мен теміржол өткелі салынды. Бір айта кетерлігі, бұл толығымен аяқталған құрылыс нысаны емес. Біз қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында жолдың құрылысы аяқталған бөлігін уақытша ашып отырмыз» деді Мұрат Дүйсенбекұлы. Бұдан бөлек, шаһар басшысы Адырбеков көшесінің Жібек жолы көшесінен Ғ.Иляев көшесіне дейінгі бөлігінің техникалық ашылуына да қатысты. Қала әкімінің сөзінше, аталған көшені қайта құру жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады. 2021 жылы Рысқұлов-Жандосов көшелерінің арасындағы бөлігі пайдалануға берілген еді. Енді Жандосов көшесінен Жібек жолы көшесіне дейінгі аралықта жұмыс жүргізілуде. Жолдың енін 8 метрден 15 метрге дейін кеңейтіп, 4 жолақты етіп қайта құру үшін мемлекет мұқтаждығына 17 жер телімі қайтарып алынбақ.
Қаладағы Адырбеков көшесінің жалпы ұзындығы – 3,74 шақырым. Қайта құру жұмыстары аяқталғаннан кейін көшенің автокөлік өткізу қабілеті 2,4 есеге артады. Яғни сағатына 56 мың көліктің кедергісіз өтуіне мүмкіндік бермек.