ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫ АЛАТЫН МАМАНДЫҚТАР БЕЛГІЛІ БОЛДЫ
Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер мамандық таңдағанда жалақының жоғары болуына аса қатты мән береді. Бүгінде еңбек нарығындағы сұраныс та жиі өзгеріп барады. Осы орайда, Электронды еңбек биржасының сарапшылары әртүрлі бос жұмыс орнына жұмыс берушілер қандай жалақы ұсынатыны туралы мәлімет берді. Мамыр айында Электронды еңбек биржасы порталында 82,4 мың бос жұмыс орны мен 45,7 мың түйіндеме жарияланған. Өткен аймен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 9,8%-ға, ал түйіндемелердің саны 23,2%-ға азайып отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жұмыс берушілердің ең жоғары белсенділігі Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Қарағанды облысында тіркелген. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда асхана жұмысшыларына, күзетшілерге, сатушылар мен кассирлерге, медбикелерге, тәрбиешілер мен олардың көмекшілеріне және аспаздарға жұмыс көп. Яғни сұраныс жоғары. Ал жұмыс іздеген ең белсенді үміткерлер Түркістан және Алматы облыстарында тіркелген.
Ал ең жоғары жалақыға қатысты Электронды еңбек биржасының баспасөз қызметі былай дейді «Мамыр айында дыбыс инженерлері – 5 миллион теңгеге жуық, университет оқытушылары – 2 миллион теңге, кондукторлар – 1 миллион теңге, инженер-конструкторлар мен техникалық директорлар – 840 мың теңге ең жоғары жалақыны талап еткен. Бұл ретте мемлекеттік қызметкерлердің кейбір санаттары, жөндеу учаскелерінің бригадирлері, құрылыс учаскелерінің басшылары, жылжымайтын мүлік агенттері, сатып алу-сату жөніндегі менеджерлер, бас құрылысшылар, мемлекеттік әкімшілік қызметшілер, экономистер еңбек нарығында жоғары ақы төленетін мамандықтардың қатарына жатады. Аймақтарға бөлетін болсақ, ең жоғары жалақы Нұр-Сұлтан (орта есеппен – 900 мың теңге), Батыс Қазақстан (900 мың теңге) және Маңғыстау (800 мың теңге) облыстарында ұсынылған». Мамыр айының қорытындысы осылай дейді. Әйтсе де сұраныстың ай сайын өзгеріп, жалақы мөлшері де құбылатынын ұмытпаған жөн.