ЗЕЙНЕТАҚЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

Зейнетақы – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемінің және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің жиынтығы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда базалық, міндетті және ерікті деңгейлерден тұратын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі жұмыс істейді.
Бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі, ол зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтарға (ерлер – 63 жас, әйелдер – 2022 жылы – 60,5 жас) тағайындалады (2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 жылдан астам жыл сайын 6 айға кезең-кезеңмен 63-ке дейін өсумен).
2005 жылдан бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі енгізілді, ол кедейшіліктің алдын алудың негізгі құралына айналып, қарттардың табысын арттыруға мүмкіндік берді.
Айта кететіні, бұрын мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі барлығына бірдей мөлшерде берілсе, 2018 жылдың шілдесінен бастап Елбасының тапсырмасы бойынша оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай әрбір алушыға жеке белгіленді.
Базалық зейнетақының мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне ұлғайып отырады, өйткені оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты.
Екінші деңгей (міндетті) екі төлеммен ұсынылған:
— мемлекеттік бюджеттен төленетін ынтымақты зейнетақылар;
— қызметкерлердің зейнетақы жинақтары есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері.
Ынтымақтастық зейнетақы төлеміне 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде 6 ай еңбек өтілі бар адамдардың құқығы бар. Олардың мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарда жасалған еңбек өтілінің санына және зейнеткерлікке шыққанға дейінгі табыс деңгейіне байланысты (еңбек өтілі ұзағырақ және табыс неғұрлым жоғары болса, ынтымақты зейнетақы мөлшері соғұрлым жоғары болады).
Жинақталатын зейнетақы негізінен ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшері шегінде қызметкердің табысынан ұсталатын 10% МЗЖ және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін жұмыс берушілер төлейтін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының 5%-ы есебінен қалыптастырылады.
Үшінші деңгей (ерікті) – азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыруға жеке жауапкершілігін ынталандыратын ерікті зейнетақы жарналары. Ерікті зейнетақы жарналары – салымшылардың өз бастамасы бойынша БЖЗҚ-ға және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына өздері немесе үшінші тұлғалар енгізетін ақшалай қаражат. Олардың мөлшерлемесі, төлеу мерзімі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартпен белгіленеді.
Ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары өз қаражаты есебінен ерікті зейнетақы жарналарын жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар болып табылады.
Жалпы алғанда, зейнетақымен қамсыздандырудың ерікті деңгейі азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыруға жеке жауапкершілігін ынталандырады.
Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдердің түрлері бойынша сізге әлеуметтік төлем тағайындау барысында туындаған сұрақтар болған жағдайда, түсініктеме немесе кеңес керек болса, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша Департаментіне хабарласуға болады.
Департаменттің мекенжайы: Шымкент қаласы, Диваев көшесі, 148А ғимарат. Ақпарат алу үшін (8-725-2) 32-63-24 нөміріне хабарласуға болады.

С.Оксикбаева,
№1 зейнетақы және әлеуметтік
қамсыздандыру бөлімінің
бас маманы.