УКРАИНАДАҒЫ ҮНДІСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕР ОҚУЫН ҚАЗАҚСТАНҒА АУЫСТЫРУЫ МҮМКІН
Украинада болып жатқан оқиғалардың әлем жұртшылығын алаңдатып отырғаны белгілі. Күні бүгінге дейін қаншама ғимарат отқа оранып, күл-талқаны шықты. Жергілікті тұрғындар үдере көшіп, шекара асты. Бұдан бөлек, аталған елде оқып жатқан өзге елдің жастарын да әбігерге салып отыр. Сол қатарда Үндістанның студенттері де бар. Енді аталған елдің үкіметі тығырықтан шығар жол іздеп жатыр.
Жуырда әлеуметтік желіде үндістандық жастардың оқуын Қазақстанда жалғастыруы мүмкін екені турасында жазба тараған еді. Бұл ақпарат рас болып шықты. Нақтырағы, Үндістан үкіметі Украинаның медициналық жоғары оқу орындарында оқып жатқан студенттерін Қазақстанға көшіру туралы өтініш жасаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.
«Үндістан үкіметі бізге ресми түрде өтініш жолдады. Кеше елімізге Үндістанның сыртқы істер министрі келді. Украинадағы 20 мыңнан астам үнді студенттері далада қалған, енді олар бізден көмек сұрап отыр. Негізі, біздің медициналық университеттеріміз көмектесуге дайын, шамамен 200 студентті қабылдай алады. Шетелдіктер оқу ақысын өздері төлейді» — деді министр. Енді шетелдік студенттерді жатақханамен қамту мәселесі тұр. Оның нақты қалай шешілетіні уақыттың еншісінде…