БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Шымкентте біраздан бері бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Мәселен, жуырда ғана «Арбат» алаңында жұмыссыз азаматтарға арналған «Мүмкіндіктер алаңы» жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Оған үшінші мегаполистегі 100-ге жуық жұмыс беруші мекеме қатысты. 5000-нан астам медициналық, техникалық және педагогикалық мамандықтар бойынша тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылды. Жұмыс ұсынған мекемелер қатарында «Арт-құрылыс», «Қаз Транс Аймақ», «Halyk Bank» АҚ, «Magnum Cash Carry», «Назар Текстиль» және өзге де қаладағы арнаулы экономикалық аймақтағы кәсіпорындар мен мектеп, балабақшалар бар.

 

Бұл жолы жәрмеңкеге қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, осындай шаралардың жұмыссыздықты азайту айрықша үлес қосатынын айтты. «Әлеуметтің әлеуетін көтеру, бұқараны жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылданып жатыр. Қазіргі кез келген мемлекеттің әлеуетін көрсететін, бәсекеге қабілеттілігін танытатын негізгі көрсеткіштердің бірі – сол елдегі әлеуметтік жағынан, сонымен бірге жұмыспен қамтылған халықтың үлесі. Бүгінгі қала тұрғындарына арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі – жұмыс іздеп жүрген азаматтардың санын азайтып, жұмыссыздарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ететін бірден-бір мүмкіндік» деді ол.
Жәрмеңкеде қала тұрғындары мен халықтың осал топтарына 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберіндегі «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» және өзге де уақытша жұмыс орындары ұсынылды. Сондай-ақ жұмыс іздеушілерге қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, онда жас мамандарға түйіндеме толтыру, психологиялық көмек және өзге мәселелер бойынша кеңес берілді. Сонымен қатар солтүстік өңірлерге қоныс аудару бойынша әр өңірдің өкілдері қала азаматтарын ақпараттандырды.
Жыл басынан бері Ұлттық жоба шеңберінде 7 мыңнан астам шымкенттік жұмыспен қамту шараларына қатысты. Оның ішінде жұмыспен қамтылған жастардың қатарында 991-і жастар практикасымен, ал 160-ы алғашқы жұмыс орны жобасына қатысып, 100-ден аса азамат әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Ал 226 шымкенттік жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға бағытталған қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды.