ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ҚАРИЯЛАРҒА КҮНІ БОЙЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІЛЕ БАСТАДЫ

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөз тектен-текке айтылмаған. Атаның сөзін ақылдың кеніне балайтын халқымыз қарияларды құрметтеп, төрінен орын береді. Қала берді, мемлекет тарапынан да жағдайлар мықтап жасалып келе жатыр. Мәселен, Шымкент қаласындағы зейнеткерлерге арналған Белсенді өмір сүру әлеуметтік-медициналық орталығы жалғызілікті қарияларға күні бойы қызмет көрсете бастады. Бұл мақсатта орталық жанынан 8 сағаттық күндізгі стационарлық жағдайда сауықтыру шараларын көрсететін арнайы бөлімше ашылған. Оның жұмысымен қала әкімі Мұрат Әйтенов танысып шықты.

 

Бүгінде үшінші мегаполисте 84 мыңға жуық зейнеткер бар болса, оның 568-і – жалғызілікті қариялар. Оларға арналған бөлім ашуды қала әкімі Мұрат Әйтенов өткен жылы орталықты аралау барысында тапсырған еді. Қала әкімі бастамасымен ашылған бұл сауықтыру бөлімшесінде дәрігерлік тексеру, фитобар, емдік массаж бен физиотерапия кабинеті, тұз шахтасы, сурет салу, қыш қолөнер шеберханасы мен еңбек терапиясы секілді 27 сауықтыру қызмет түрі бар. 25 орынға лайықталған бөлімде 3 мезгіл ыстық тамақ беріледі.
«Кәрілік шағында қараусыз қалған қарияларымызға асқан қамқорлық қажет. Онсыз да жалғыздық адам жанына бататыны анық. Бөлімшені ашудағы мақсатымыз – оларға барынша қамқорлықпен емдік-сауықтыру шараларын көрсету болатын. Орталық мамандары қарияларға барынша мейірімділікпен қарап, жоғары сапалы қызмет көрсетуі қажет» деді өз сөзінде шаһар басшысы Мұрат Әйтенов. Сауықтыру мекемесінде 300-ге жуық зейнеткерге күнделікті 2 ауысымда 4 сағаттық арнаулы әлеуметтік қызмет түрлері көрсетіледі. Күн тәртібі дәрігерлік тексеруден басталады. Қарияларға қызмет көрсету үшін кардиолог, терапевт, невропатолог және физиотерапевт сынды дәрігерлер жұмылдырылған.
Мұнда емдік дене шынықтырудан бастап йога, би, бильярд, үстел теннисі, тренажерлық жаттығулар да қаралған. Қызмет алушылардың кино көріп, сенсорлық бөлме мен кітапханада демалуына мүмкіндіктер бар. Белсенді өмір сүру ұзақтығын қалыптастыру мақсатында дендросаябаққа, театр және спорт кешені мен бассейнге бару кестесі де түзілген. Осы орталық қызметін алуға ниетті зейнеткерлер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтінім қалдыруы қажет. Әрі қарай кезектік негізде емдеу-сауықтыру іс-шараларымен қамтылады.