ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ: ЕСКЕРТУДІ ЕСТЕН ШЫҒАРУҒА БОЛМАЙДЫ

Оңтүстік өңірлердің жазы аптақ ыстығымен ерекшеленеді. Осындайда күнге қақталып, тынысы тарылған ағайын өзен мен көлге барып, шомылып жататыны да жасырын емес. Бірі қауіпсіздікті ескерсе, енді бірі жадынан шығарады. Сондықтан Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымында тыйым салынған 13 орынды анықтады. Бұл турасында Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, капитан Нұржан Қаракөзев кеңінен айтып берді.

 

«Еліміздің барлық өңірлерінде шомылу маусымы ресми түрінде 1 маусымнан бастап ашылды. Қала әкімінің қаулысымен суда жаппай демалу, туризм және спорт үшін қала аумағында 5 ресми орын бекітілген және оның ішінде 3 орында шомылуға рұқсат етілген. Сонымен бірге қазіргі таңда қала аумағындағы барлық аквасаябақтар ашылып, өз жұмыстарын бастады. Суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде адамдардың өлімінің алдын алу мақсатында департамент аудан әкімдерімен бірлесіп шомылуға тыйым салынған 13 орынды анықтады.
Олар – Бадам өзенінің қала аумағында (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандары) орналасқан барлық арналары, Сайрам-су өзенінің қала аумағында (Еңбекші, Қаратау аудандары) орналасқан барлық арналары, Текесу су қоймасы, Ақжар су қоймасы, Шымкент магистралды каналдың қала аумағында (Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары) орналасқан барлық арналары, Янги-шек каналының қала аумағында (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандары) орналасқан барлық арналары, Қарасу өзенінің қала аумағында (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші аудандары) орналасқан барлық арналары, өзеннің бастауын қоспағанда, Қошқар ата өзенінің қала аумағында (Абай, Әл-Фараби аудандары) орналасқан барлық арналары, Қайнарбұлақ жасанды көлі, Азат каналы, Көкбұлақ каналы, Хауау каналы, Сасық каналы» деді ол.
Спикердің айтуынша, қалалық әкімдіктің қолдауымен департамент шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша билбордтар мен стендтер, тыйым салуға арналған тақтайшалар әзірлеп, қала аумағына орнатып шыққан. Бұдан бөлек, оқушылардың жазғы демалыстағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Судағы қауіпсіздік» және «Алғашқы дәрігерлік көмек көрсету» тақырыптарында 24 интерактивті сабақ өткізілген. Оған 130 мектептен 27 мыңнан аса оқушы қатысқан.