ҚАЛА ӘКІМІ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕлеРІ БОЙЫНША ҚАБЫЛДАДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһар тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап келе жатыр. Бұл жолы қала басшысының қабылдауына 100-ден аса азамат жазылып, өз өтініштерін жеткізді. Кездесуде негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала және инфрақұрылым мәселелері қозғалды.

AMANAT партиясының қалалық филиалында өткен біріңғай қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары, қаланың бас прокуроры Ғ.Мұқанов, Полиция департаментінің басшысы Қ.Дәлбеков және AMANAT партиясының атқарушы хатшысы Ж.Бектаева да қатысып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.
Қабылдауға жазылған азаматтардың дені жеке мәселемен келген. Бұдан бөлек, 17 азамат баспанамен қамтуды, 15 азамат жер телімін үлестіру мен заңдастыруды, 10 тұрғын әлеуметтік көмек көрсетуді сұрады. 15 азамат жол құрылысының сапасы, мектеп пен емхана құрылысы, бағдаршам орнату, аллея салу секілді ұсынысын жеткізді. Сондай-ақ кездесу барысында жұмысқа орналасу, кәсіп бастауға қолдау көрсету, мал шаруашылығы үшін субсидия, жерді мемлекет иелігіне қайтару, тегін дәрі-дәрмекпен қамту мәселелері де қозғалды.
Шаһар басшысы тұрғындардың өтініші мен талап-тілегін мұқият тыңдап, жер учаскелерін заңдастыру бойынша туындаған барлық мәселелер заң талаптары аясында шешілетінін жеткізді.