ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУҒА АТСАЛЫСЫП ЖҮРГЕН ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ
Жаңа Қазақстанның құрылуы мен іргесінің беки түсуі үшін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр. Жақында ғана өткен бүкілхалықтық рефрендум – мұның айқын айғағы. Оған ел азаматтары белсене қатысты. Мұның өзі қоғамның ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жоғары деңгейде қолдайтынын аңғартады. Осы тұста, референдумның мән-маңызын халыққа насихаттау ісіне айрықша үлес қосып, кемел келешекті қалыптастыру жолында еселі еңбегімен ерекшеленіп жүрген жандарды айтпай кетуге әсте болмас. Ал Шымкент қаласында мұндай азаматтар баршылық. Солардың бірі – Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Жолдыхожаев.
Мұрат Жаңабайұлы қазіргі уақытта – Шымкент қаласы мәслихатының депутаты. Қоғамдық қабылдаулар өткізіп, мәселесін арқалап келген ағайынның талап-арызы негізінде белсенді жұмыс істеп жатыр. Бірқатар депутаттық сауалдар жолдап, түйткілді түйінге айналған мәселелердің шешілуіне де ықпал етуде. Күні кешегі бүкілхалықтық референдум кезінде жұмыс қарқынын арттырып, қалаға қарасты шалғай елді мекендерде болып, насихат жұмысын жемісті жүргізді. Өзі жауапты AMANAT партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2021-2025 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасына енген индекаторлар бойынша да мониторинг жұмыстарын жүргізіп, бастамалардың сапалы және дер кезінде орындалуына да мұрындық болып келеді.
Халық қалаулысының жастар арасындағы абырой-беделінің өзі бір төбе. Біраз уақыт бұрын мәслихат депутаты Шымкент қалалық партия филиалының Саяси кеңесі шешіміне сәйкес AMANAT партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы болып тағайындалған еді. Мұрат Жаңабайұлы бұл жауапты міндетті де иіріп әкетіп, барша міндеттерді абыроймен атқарып келе жатыр. Кеңес жастар арасындағы баспанамен қамту, жұмыссыздық сынды өзекті мәселелерге үн қосып, шешілуіне ықпал етуде. Сөз жоқ, оның жемісті жұмысының артында төрағаның ерік-жігері мен жоғары жауапкершігі жатқаны белгілі. Бұдан өзге бастамалары мен игілігі мол істері көп. Ауыз толтырып айтар жетістіктері тағы бар.
Жаңа Қазақстанның құрылуында адамгершілігі мен абыройы, жауапкершілігі мен ерік-жігері, іскерлігі мен халыққа деген ілтипаты жоғары азаматтардың қызметі айрықша мәнге ие. Қала берді, жастарды соңынан ерте алатын көшбасшылық қабілеті бар жандардың болуының маңызы зор. Ал бұл қасиеттер жоғарыда жазған кейіпкеріміздің бір бойынан табылары сөзсіз. Бүгінде еліміздің іргесін бекітіп, тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктететін, мемлекетімізді гүлдендіріп, көптің алғысын арқалайтын, биліктің бастамасын халыққа түсіндіріп, арасында алтын көпір қызметін атқаратын Мұрат Жаңабайұлы сынды халық қалаулылары баршылық. Оны бұқаралық ақпарат құралдары жазып жүр, халық көруде. Жемісті жұмыстарын әлі де жазатынымызға сенімдіміз!
А.МАХАНОВ