СОҢҒЫ 1 ЖЫЛДА САЛЫНҒАН ҮЙЛЕР 20 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАҒАН

баспана бағасы қашан арзандайды?

 

Бүгінде баспанасы болмай, жалдамалы пәтер жағалап жүрген жандар көбейіп барады. Жастарды былай қойғанда, отбасы мүшелері тұрақты жұмыс істейтін жанұялардың өзінде баспана алу мәселесі күрделі түйткілге айналып отыр. Қала берді, нарықтың өзі күн сайын құбылып тұр. Баға бұғаусыз кетті. Баспана алуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың денін көптің қалтасы көтере бермейтіні де жасырын емес. Табысы жетпей, тұрақты жұмысы болмай, артық ақша жинау былай тұрмақ, ас-ауқатқа әрең жеткізіп жүргендер де баршылық. Нарықтағы үй бағасы қалай өзгеруде? Құрылыс материалдарының бағасы қашан тұрақталады? Тарқатайық…

 

Жуырда Ұлттық статистика бюросы нарықтағы бағалар турасындағы соңғы көрсеткіштерді ұсынды. Жағдай мәз емес. Соңғы бір жыл ішінде қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы 27,9 пайызға, жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 19,3 пайызға өскен. Ал абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 22,8 пайызға қымбаттаған. Бұл, өз кезегінде, пәтер алуға ниетті көптің күрделі мәселесі болуда. Өңірлерге келсек, тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасы елордада айтарлықтай өскен. Нақтырағы өсім 27,2 пайызды құрап отыр. «Тұрғын үйдің қайта сату нарығында жоғары өсім Талдықорған қаласында (48,6%) тіркелсе, тұрғын үйді жалға беру нарығында көшті Алматы қаласы бастап тұр (49,9%)» дейді Ұлттық статистика бюросының Баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы. Қош делік, жыл өткен сайын нарықтағы бағаның өсуін қалыпты үрдіске балайық. Ал биылғы жылдың өзінде баға қаншалықты қымбаттаған?
Тағы да Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенейік, соңғы айда жаңа үйлерді сату бағасы 1,7 пайызға, пәтерлерді қайта сату көрсеткіші 1 пайызға өсіп отыр. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 1,3 пайызға жоғарылаған. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл – соңғы 8 айдағы ең төменгі көрсеткіш. Мұның себебі де жоқ емес. Соңғы уақытта тұрғын үй алуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың көбеюі мен зейнетақы жинағындағы шекті мөлшерден артық қаражатты үй алуға жұмсау бастамасы нарықтағы бағаның өсуіне сеп болған еді. Нәтижесінде жаңа үйлер мен пәтерлерді қайта сату бағасы 20-30 пайызға дейін бір-ақ көтерілген. Десе де ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинағының шекті мөлшерінің күрт өсуі бағаға да әсерін тигізбей қоймады. Бұл туралы Қазақстан Жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов былай дейді «Бүгінде ипотека алу үшін жасалған жағдай тиімді емес, екінші деңгейлі банктерде ол жоғары мөлшерлемеге байланысты қымбаттады. Бірақ жылжымайтын мүлік нарығындағы 10 мәміленің 9-ы дәл осы ипотекалық қаражат есебінен жасалады. Тіпті, элиталық жылжымайтын мүлікті қазір үнемді тұрғын үйді айтпағанда, несиелер арқылы сатып алады. Мамырдың соңына дейін тұрғын үй бағасының өсуі тоқтап қалды және барлығы шаршы метрдің құнын түзету нұсқаларын қарастырып жатыр. Сатып алушылар тарапынан сұраныстың төмен болуы бағаны төмендету жағына қарай түзетуге әсер етеді. Бұл бастапқы және қайталама тұрғын үйлерге қатысты». Демек тұрғын үй нарығында бірқатар өзекті мәселелер туып отыр. Шындығына келгенде, қазіргі уақытта халықтың қалтасы жұқарған. Күн сайын қымбаттап бара жатқан азық-түлік бағасы мен инфляция азаматтарға оңайға соғып жатқан жоқ. Тұрғын үй нарығындағы сұраныстың азаюы бағаның төмендеуіне әкеле ме?

Жасыратыны жоқ, әлемде болып жатқан оқиғалар тізбегі қоғамның сан түрлі саласына кері әсерін тигізіп жатыр. Сол қатарда құрылыс материалдарының нарығы да бар. Ал тұрғын үй құрылысының өзіндік құны құрылыс материалдарының бағасына тәуелді. Оның үй бағасындағы негізгі үлес салмағы 60 пайыз шамасында. Ал соңғы уақытта аталған нарықтағы бағаның төмендеуі байқалып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметіне сүйенсек, нарықтағы арматура бағасы 6 пайызға, газ блогы 3 пайызға, шыны 17,6 пайызға кеміген. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан тұрақты түрде құрылысқа қажет негізгі материалдар бағасы бақылауға алынып, отандық өндірушілердің, соның ішінде үй құрылысы комбинаттарының өнімдерін пайдалану міндеттелген. Мұның өзі елдегі тұрғын үй құнын төмендетуге айрықша үлес қосады деп сендірді жауапты министрлік. Нарықтағы бағаның төмендеуі көп үшін жағымды жаңалық та шығар. Бірақ сол төмендеген бағаның өзі қарапайым тұрғындар үшін көп емес пе?
Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Бүгінгі таңда елімізде 600 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 215 мыңы – көпбалалы отбасылар, 1 және 2-топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар сияқты әлеуметтік әлжуаз топтар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараты бойынша, кезекте тұрған 70 мың азаматтың кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінде екені анықталған. Нарықтағы баға арзандап жатыр. Сәйкесінше, халықтың қалтасы да жұқарған. Мұның әлеуметке де, құрылыс компанияларына да пайда әкелмесі анық…