ШЫМКЕНТТІҢ ТУРИСТІК МҮМКІНДІКТЕРІ ШЕТЕЛДЕ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Бұдан біраз уақыт бұрын Катарда өтетін көрмеде Шымкент қаласын таныстыру бойынша Дохадағы ҚР Елшілігінен шақыру хат келген болатын. Осының негізінде Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған бірқатар депутаттар мен Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров, туристік бизнес өкілдері Дохаға аттанған еді. Онда өңіріміздің азаматтары Катарда үшінші мегаполистің туристік және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
«Шымкент — аумағы жағынан Қазақстанда қалалар арасында бірінші, халық саны бойынша үшінші орынды алатын мегаполис. Қаланың географиялық тұрғыда орналасуы да Орталық Азия елдерімен логистикалық байланыс пен экономикалық орталық құруға ыңғайлы. Қалада инвестиция тарту мен кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасауға көңіл бөлінген. Осы ретте, өткен жылы тартылған инвестиция көлемі 462 млрд теңгені құрады. Одан өзге, туризм саласы бойынша да 2021 жылы шетелден келуші туристер саны бойынша Шымкент елімізде 3 орынға ие болды» деген Ерлан Қыдыров шетелдіктерді қаланың туристік әлеуетін келіп, өз көзімен көруге шақырды.
Айта кету керек, 3 күнге созылған ауқымды іс-шараға әлемнің 40-қа жуық елінің өкілдері қатысты. «Hospitality Qatar – 2022» — қонақ үй бизнесіне арналған халықаралық ауқымды көрме. Аталған көрме туризм мен қонақжайлық бойынша перспективті жобаларды жүзеге асыруға арналған. Ал Шымкент қаласын таныстыру арқылы келуші туристер санын арттыруда және жаңа жобалар жасау үшін инвесторлар тартуда бұл шараның маңызы зор.