ҚҰРСАЙДА АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ШАРУА ҚЫРУАР
Шымкент қаласына қарасты Құрсай шағынауданында құрылыс қарқыны артқан. Нақтырағы, бүгінгі күнде инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Аудан орталығында сапалы электр жарығы қолжетімді. Ал жаңақұрылыс аумағында орналасқан 282 орамға электр қуатын тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Жалпы өңірдегі өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп келе жатыр. Табиғи газ берілген. Жоғарыда атап өткен жаңа құрылыс аумағындағы 282 және 283 орамға газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаты дайындалып жатыр. Сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары да жоспарға сай жүруде. 2021 жылы «Риголит» мердігер мекемесі жұмысты бастаған еді. Жалпы ұзындығы 336 шақырымнан асатын су тарту жүйесінің жұмысы 2 кезең бойынша жүзеге асырылып келеді. Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, бірінші нысандағы 185,5 шақырымды құрайтын ішкі орамдық жүйенің 54 пайызы орындалған. Құрылысты аяқтау мерзімі осы жылдың қараша айына жоспарланған. Нысан пайдалануға берілгенде 17 мыңнан астам адам сапалы ауыз суға қол жеткізбек. Екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы – 151 шақырым. 2021 жылы басталған құрылыс, биылдың соңына дейін қолданысқа беріледі. Қазір бұл нысанда жұмыстың 58 пайызы аяқталып отыр.
Өткен жылы 3 магистралды суаққы мен 10 елді мекенде су құбырларын тарту жұмыстары аяқталып, қаладағы сапалы сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетті. Қазір суды кестемен алып отырған Құрсай, Сайрам шағынауданы мен Қайнарбұлақ тұрғын алабы үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Құрсайдағы құрылыс жыл соңына дейін аяқталмақ. Сайрам мен Қайнарбұлаққа ауыз су жеткізу жұмысы келер жылға өтпелі. 2023 жылы тағы 3 суаққының құрылысы аяқталғанда қаламыз ауыз сумен 100 пайыз қамтылады.