ЕРЕН ЕҢБЕКПЕН ЕРЛЕГЕН ҚАЛҚАБАЙ
Өткен ғасырдың басында өмірге келген Қалқабайдың төзімділігі мен сабырлығын бүгінгі жастарға жиі үлгі етуге болады. Ғасырлар тоғысынан сәл бері, яғни, 1906 жылы туылған Қалқабай Қараменұлы нағыз қиын уақытта дүниеге келген соң тағдырдың тақымға алғанын елемеген секілді.
Ес білгеннен қалың елді қынадай қырған оба ауруының сұмдық алапатын көзбен көреді. Сол атың өшкір індет мұның бір емес, екі емес, 13 бауырын о дүниеге кезек-кезек аттандырады. Өз ауылында бауырларынсыз өмірдің мәні де, сәні де қалмаған соң Қалқабай сырлы Созақты бетке алады. Мақсаты Созақтағы жездесі Бөрғазыға жету болатын. Жолда кірешілер жас баланы өздерімен бірге ала кетеді. Кең даланы көктей өтіп жездесі тұратын елді мекенге де жетеді. Сонымен жездесінің қолында жүріп, білекті түріп еңбек етуге жарамды болғанда Ащысайдың шахтасында жұмыс істеп, нәпақа тапқанды жөн көреді. Сол ниеттің жетегіне еріп барып, шахтаға жұмысқа тұрады. Ащысай Қалқабай үшін бақытты мекен болып бұйырған екен. Себебі бірінші жас жігіт сол жаққа барғанда жұмысқа орналасады. Екінші, осында еңбек ете жүріп өзінің болашақ жары Қаншайымды жолықтырады. Үшінші, сол шахта басшылығы мұны Ұлы Отан соғысы атанып кеткен екінші дүниежүзілік майданға жібермей қояды. Соған қарағанда Қарамен атамыздың ұлы өзі ісіне адал, епті, еңбексүйгіш болғанын білдіреді. Өйткені отанға деген махаббаты жетелеп, Қалқабай қанша рет соғысқа сұранып арыз жазса да нәтиже болмайды. Себебі соғыс уақытында ер адамды майданнан алып қалу оңай болмаған. Демек жас жігіт өз ісінің нағыз шебері болған. Яғни оның атқарып жүрген ісін кез-келген адам істей алмаған деген сөз.
Қалқабайды соғыстан алып қалу үлкен қажеттіліктен туғаны мәлім. Шахтада еңбек еткеніне 20 жыл толғанда Қарамен атамыздың ұлы Құмкентке ауысады. Сондағы колхозға шопан болып жұмысқа орналасады. Содан 1975 жылға дейін №2 фермада қой бағады. Қойды баққанда да өрістен құр өргізіп қайта бермей, 100 қойдан 130 қозыдан алуға дейін жетістікке жетіп, жоспарды асыра орындап, жыл бойы тиянақты еңбек еткенін көрсетеді. Осылай кешегі бала Қалқабай ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, №2 ферманың мақтанышына айналды. Мұның өзі Қалқабай шопанның адал, өз ісінің біліктісі екенін білдіреді. Себебі ауылға ауданнан, облыстан ат арылтып келген үлкен қонақтардың өзін Қалекеңнің шаңырағына алып келетін болған. Кеңес Өкіметінің билігі дәуірі жүріп тұрған заманда еңбек адамын үгіттеп, насихаттады. Есесіне, көпшілік еңбек адамының қадірін білді. Озат шопан, жылқышылардың үйлері үлгілі тұтарлық қасиетті шаңырақ секілді көрінді. Бағы жанған, алдыңғы қатарлы шопандардың үйінде қонақ болу кімге болса да мәртебе еді. Демек сол уақыттағы талай жастар Қалекең секілді еңбексүйгіш болуды мақсат тұтты, әрі солай болғаны да рас. Өйткені ол кезде жас буын екі-ақ адамға ғана еліктейтін. Не көп оқыған білікті адамға, не озат еңбеккерге…
Айтпақшы, Қалекеңнің шаңырағына қонақ болудың бір артықшылығы бар еді. Олай дейтініміз, шопанның жаз жайлауына жақын тұста Баба Түкті Шашты Әзіздің кесенесі орналасқан. Көңілі соққандар сонда барып баба туралы айқын тарихты айнадан көргендей болмаса да іштей сезінетін. Іштей сезініп, тәу етіп, дұға бағыштайды. Тіпті, Қалекеңнің 100 қойдан 130 қозы алуын, қисары қойдан көп жүн, мол сүт алуын осы Баба Түкті Шашты Әзіздің шарапаты деп ұққандар да болған шығар. Әруақты медет тұтқан халықтың арасында әулиенің айналасына жәрдемін береді деп түсінегендері болатыны да ақиқат. Атақты шопанның қой өргізетін тұсы Жыланды жайлауы мен аракідік Арпа бұлақ болса, күзгі күйекте Мырзабайға тоқтайтын. Ал қыс қылышын сүйретіп келгенде Мойынқұмның Терең жалында қыстап шығатын.
Осылай жайлаудан жайлау көшіп, желдің өтінде, жауын-шашынның астында малмандай су болып, кейде боранмен арпалысқа түсіп, жазда аптап ыстыққа күйіп жүрсе де Қалекең бар қиындыққа шыдады. Үнемі өз ісін сүйіп атқару арқылы ғана өзін жеңіл сезінген. Сөйте жүріп талай шәкірт тәрбиеледі. Созақтың мал шаруашылығының дамуына ғана үлес қоспай, оның келешегі үшін сақа мамандар дайындады десек, өтірік болмас. Олардың арасында өзінің ұлы Төлебай да бар. Ол білікті болған соң еңбек жолын мектепте директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып бастаса да, көп уақыт өтпей өз әкесіне көмекші шопан болып келеді. Осылай қойшының таяғын ұстаған Төлебай әке ісінің одан ары қарай өрге домалауына сеп болады. Әйтсе де, айтуға ыңғайсыз болса да тілге тиек ету керек, аға шопанның жетістігіне, қашанда биіктен көрінуіне көз тиді-ау. Сол көз бір бүйірден кеп соқты-ау. Бірде түйенің тартпасын тартып жатқан Қаншайым анамыздың бауыр тұсы сарт ете қалады. Сөйтсе, әлгі түйе апамызды тепкен екен. Бұл да бір анамызға туралап келген ажал болып шықты. Қаншайым апа күш-жігерін жинап өлімге берілмеуге тырысып баққан. Осы кезде есімі көпке белгілі халық ақыны Құлжабай Төлеуов келіп қалған. Ол апамыздың басын сүйеп, амандығын тілегенімен нәтиже болмапты. Көзге көрінбейтін ажал періштесі апамызды рухын соңынан ертіп, алып кеткен. Апамыздың денесін қара жердің қойнына тапсырып, барлық жөн-жоралғыларын жасап болған соң атамызда ұжымға көшеді. Сонда жұмысшы болып орналасып, еңбек етеді.
Төлебай ұлының жүріп өткен жолына тоқталып өтсек, Мақтаралда совхоз техникумын үздік оқып қызыл дипломмен аяқтаған. Одан соң ауылда жанар-жағар май таситын көлікті тізгіндеген болатын. Соны айдап жүріп Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтынан сырттай білім алып алады. Одан соң Шу кеңшарына бас инженер болып қызмет атқарады. Көп өтпей Кеңес Одағының ортасына түскен шаңырағы кеңшардың шаруашылығын да шатқаяқтатып кеткен. Шаруашылық тарап кеткен соң екі жылдан кейін Мыңқұдық уран кенішіне слесарь жөндеуші болып жұмысқа орналасады. Мұнда да еңбекқорлығымен абыройлы болып, сан мәрте марапатталған. Осы саладан зейнеткерлікке шыққан Төлебай үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген жан. Адал да, еңбексүйгіш әкесі Қалқабай екеуі ауданның дамуы мен идеология саласына да тағылым жөнінен үлгі ретінде үлес қосқанын бірі білсе, бірі білмес. Тағы бір айта кетер жайт, Қалқабай Қараменовті қой шаруашылығына қосқан үлесі үшін Қазақ ССР Советі Президиумы Председателі Жұмабек Тәшеновтің өзі Еңбек сіңірген құрметті атағын беріп, бағалы сыйлықты қоса тапсырады деген Құрмет грамотасын алады. Мұның өзі озат шопанның орасан еңбек еткенін көрсетеді.
Осындай ұлағатты ұя мен бақытты әулеттің әлде де қанат жая беруіне тілектеспіз.
Төлебай ҚАРАМЕНОВ.