«ОҢТҮСТІК» АЙНАЛМА ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ҚАНДАЙ?
Шымкент қаласындағы әрбір инженерлік инфрақұрылымның құрылыс сапасы әкімдік бақылауында. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың өзі ара-тұра құрылыс алаңдарына барып, атқарылып жатқан жұмыстар жайымен танысып тұрады. Бұл жолы қала басшысы «Оңтүстік» айналма жолының құрылыс басына барды.
Аталған айналма жолдың құрылысы Леңгір тас жолынан КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейін жүргізіледі. Құрылысы 2021-2022 жылдарға жоспарланған жолдың ұзындығы 16 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарын «Корпорация Береке-А» мердігер мекемесі жүргізіп отыр. Бүгінде айналма жолдың Шымкент-Ташкент тасжолымен қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жол жабынының жерді қысымдау жұмысы атқарылуда.
Құрылыс нысанының 6 учаскесінде жолдың негізін дайындау, қазу жұмыстары қолға алынған. Биыл жолайрық, байланыс, электр, газ, сыртқы сумен қамту жүйелерінің құрылысы жүргізілмек. Жобаға сәйкес 4 орыннан жауын суына арналған құбырлар орнатылады. Жұмыс қарқыны жоғары. Жалпы саны 81 техника жұмыс істеп жатыр. Құрылыс сапасына қатысты сын әзірге айтылған жоқ.