ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЕЗ АРАДА ШЕШІМІН ТАБУДА

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов біраз уақыттан бері әр ауданның белсенділерімен кездесіп, өңірлердегі мәселелерді тыңдап, тиісті тапсырмалар беріп жүр. Бұл жолы шаһар басшысы қаланың дамуы мен тазалығына айрықша атсалысып жүрген Әл-Фараби ауданының белсенділерімен жүздесті.

Жиында белсенділер тарапынан ұсыныстар мен өтініштер айтылды. Ол бойынша қала әкімі тиісті сала басшыларына тапсырмалар да берді. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір түйткіл бақылауында болатынын жеткізді. Бұған дейін болған кездесу барысында барлығы 68 мәселе көтерілген еді. Қазіргі уақытта оның 28-і толық орындалып, түйткілдердің түйіні ағытылған. Ал 29 тапсырма бүгінде орындалып жатыр. Сонымен қатар 5 өтініш тұрақты бақылауды қажет етеді. 2 ұсыныс бойынша жұмыстар келесі жылы атқарылмақ.
Атап айтсақ, Сәуле шағынауданынан жүретін қоғамдық көліктердің Қазығұрт шағынауданына дейін ұзарту туралы өтініш берілген болатын. Нәтижесінде №96 және №43 маршруттардың қозғалыс сызбасы өзгертіліп, тұрғындарға қолайлы етіп жасалды. 195 орамдағы Қырыққыз көшесін жарықтандыру бойынша ұсыныс бірден назарға алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілді. Бүгінде аталған көшеге 31 жарық шамдары орнатылды. Ал Әл-Фараби ауданының үй басқарушылары мен белсенді азаматтарынан құрылған кеңесте инфрақұрылым, жол, қоғамдық көлік, тазалық сынды әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.
Айта кету керек, қала әкімі бұдан біршама уақыт бұрын әр ауданның тұрғындарымен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта қолға алынатын бастамалар жайын халыққа таныстырып шықты. Аталған есепті кездесу алдағы уақытта да жалғасады.