ҚАЛА ӘКІМІ КЛИНИКАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық клиникалық балалар ауруханасының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмектің барлық түрі көрсетіледі. Материалдық-техникалық база да барша талаптарға сай. Балалар ауруханасы 315 орынға лайықталған. 20 профилді бөлімше бар. Оның 8-і хирургиялық бағытта жұмыс істейді. Бұдан бөлек, аурухана құрамында күндізгі стационар, сәулелі диагностикалық орталық пен жарақат бекеті бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Осы бастаманы қолдай отырып, қалалық балалар клиникалық ауруханасында балалар денсаулығын жақсарту үшін оң өзгерістер орын алуда. Медициналық мекемеде хирургиялық қызметті дамыту мақсатында жаңа профильдер ашылған. Нақтырағы, нейрохирургиялық, күйік, урологиялық, торакальды хирургия, нейрохирургиялық медициналық оңалту бөлімшелерінің қызметі жолға қойылған. Неонатальды хирургиялық көмек көрсету түрі ұлғайып, жаңа туған балаларға медициналық көмек тек қалалық балалар ауруханасында көрсетіле бастады. Нейрохирургиялық оталарға қажеті заманауи аппараттар да орнатылған.
Аурухана жұмысымен жақыннан танысып шыққан қала әкімі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базаларын жаңғырту мен балалардың денсаулығын жақсарту әкімдіктің басты міндеті екеніне тоқталды. Сонымен қатар ақ халаттылардың алдағы жұмыстарына табыс тілеп, мекеме жұмысын жоғары бағалағанын да айта кету керек.