109 БАЙЛАНЫС ОПЕРАТОРЫНА БІР АЙДА 10 МЫҢҒА ЖУЫҚ АРЫЗ-ШАҒЫМ ТҮСКЕН

Жасыратыны жоқ, бүгінде жарығы сөнген шымкенттіктердің дені 109 біріңғай байланыс операторына хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрайды. Тек жарық қана емес, қалаға қатысты кез келген сұрақпен жүгінетін тұрғындар аталған орталықтың қызметін жоғары бағалап жатады. Орталықтың қауырт жұмысын үздіксіз келетін қоңыраудан-ақ білуге болады. Күн сайын қанша қоңырау түседі? Мәселенің қаншасы шешімін табады? Осы және өзге де сауалдарға жауап Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.

Нақтырағы, мәжілісте «i-Shymkent» ситуациялық орталығының басшысы А.Әміртаев өткен айда тұрғындар тарапынан 109 бірыңғай байланыс нөміріне келіп түскен өтініштер мен ұсыныстардың орындалу барысын баяндады. Тарқатар болсақ, сәуірде барлығы 9967 арыз-шағым келіп түскен. Олардың 9407-сі орындалған. Қалғаны қаралып жатыр.
«Келіп түскен сауалдардың басым көпшілігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына тиесілі. Сәуір айына бұл саладағы өтініштердің 96 пайызына жауап берілген. Жалпы жыл басынан бері осы сала бойынша тұрғындар тарапынан келіп түскен арыз-шағымдарды орындау нәтижесінде 4467 қоғамдық көлік мәселесі шешімін тауып, мәселелер 15 пайызға төмендеді. Сонымен бірге заңсыз орнатылған 47 жарнама алынып, 157 жол белгілері қойылып, жолақтар сызылды. 84 көшеге асфальт төселіп, ойық жерлер қалпына келтірілді» дейді орталық басшысы А.Әміртаев.
Орталықтың маңызы зоры баршаға белгілі. Қала әкімі де мекеменің халықпен кері байланыс орнатудың тиімді құралы екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне кез-келген өтінішке дер кезінде жауап беруді және сол шағым бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды.