ӘЙЕЛДЕРДІҢ КӨШБАСШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Іскер Әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаевамен кездесіп, мегаполистегі нәзік жандылардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту мәселелерін талқылады. Іссапармен келген қонақ шаһар басшысына әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған «Қазақстанның Әйелдері Күштері Альянсы» қоғамдық ұйымының жұмысы туралы баяндады. Жуырда осы үкіметтік емес ұйымның қаладағы филиалы өз жұмысын бастаған еді.

 

Бұған дейін үшінші мегаполисте кәсіпкер әйелдердің басын біріктіретін «Іскер әйелдер қауымдастығының» филиалы жұмыс істеп келген. Ал жаңадан жұмысын бастаған альянс әйелдер мен балалардың құқықтары мен денсаулығы және әлеуметтік бағыттағы білімін жетілдіруді көздейді. Ұйым 2022-2023 жылдарға арналған жол картасын бекітіп, 10 бағыт бойынша жұмысын жүргізеді.
Қоғамдық бірлестік бүгінде өзекті мәселеге айналған әйелдер мен балалардың отбасында зорлық-зомбылықтың алдын алу, оларға психологиялық және заңгерлік көмек көрсету, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, осал санаттағы әйелдердің әлеуметтік мәселесін шешу, денсаулығын нығайту, әйелдердің қоғамдағы шешім қабылдау деңгейін көтеру, мәдениеті мен цифрлық сауаттылығын арттыру секілді бастамаларды жүзеге асырады. Қауымдастықтың қаладағы филиалына Жанетта Жазықбаева жетекші болып тағайындалды.