ДОСТЫҚТАҒЫ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН АЯҚТАЛАДЫ

Достық шағынауданы Қаратау ауданына қарайды. 9 мыңға жуық тұрғыны бар. Бір мектеп, үш балабақша, медицина және учаскелік полиция бекеті көптің игілігіне қызмет етіп келеді. Халық тығыз қоныстанған шағынауданда бірқатар түйткілдер де бар. Оның ең өзектісі – кәріз жүйесі. Десе де аталған мәселенің шешілуіне аз қалды. Себебі қазір Достықта кәріз жүйесінің құрылысы жүруде. Бұл туралы Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов қала әкімінің тұрғындармен есепті кездесуінде айтты.

Достық шағынауданы ауыз су, жекеменшік жүйедегі электр жарығымен, табиғи газбен қамтылған. Жүріп жатқан кәріз жүйесінің құрылысын жыл соңында аяқтау жоспарланған. Жаңақұрылыс аумағындағы инфрақұрылым жүйесі жобасына енбеген 425 абонентті де қазір ауыз су, сапалы электр жүйесі, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. 2023 жылы өңір сапалы интернетпен қамтылады.
Шағынауданда 26 тас, 4 топырақ, 22 асфальт жол, бәрін қоса алғанда 52 көше бар. Алдағы уақытта көшелерді асфальттауға баса назар аударылмақ. Мәселен, 2023 жылы 14, 2024 жылы 8, 2025 жылы 13 көшеге асфальт төселеді. Ағымдағы жылы Ақбосаға және атауы жоқ көшелер жарықтандырылмақ. 2023 жылы Алғыс және мектеп көшелері, 2024 жылы Айтұмар мен Айдаралы, 2025 жылы Мамыражай және Жайсаң көшелеріне жарықшамдар қойылады.
Сонымен қатар өткен жылы 2 ашық спорт алаңшасы пайдалануға берілген болатын. Биыл шағынаудан тағы бір спорт алаңшасымен толыға түспек. Қазіргі уақытта Достыққа 2, 45 және 150 нөмірлі қоғамдық көліктер қатынайтынын да айта кету керек.