187 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОҚУШЫ ҚОСЫМША БІЛІММЕН ҚАМТЫЛҒАН

Кез келген елдің болашақ даму бағдарын бүгінгі таңда білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарынан-ақ білуге болады. Әр баланың белгілі бір салаға деген қабілеті бар. Сондықтан өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы мемлекеттің, жергілікті атқарушы биліктің басты назарында болуы тиіс. Осы орайда, Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар жайын зерделеп көрген едік. 

 

Бүгінде Шымкентте 11 қосымша білім беру ұйымы, 17 аула клубы ашылған. Үшінші мегаполистегі 242 мыңнан астам оқушының 187 мыңға жуығы немесе жалпы оқушылардың 77 пайызы мектепішілік түрлі үйірмелерде қосымша біліммен қамтылып отыр. Бұл туралы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р.Әліш қала әкімі Мұрат Әйтеновке берген есебінде айтты.
Сонымен қатар жан басына қаржыландыру есебінен 26 мың бала қамтылып отыр. Оның ішінде 14 мың бала спорттық, 12 мың бала мәдени үйірмелерге барады. Балалардың қосымша біліммен қамтылуын арттыру мақсатында 2 қосымша білім беру ұйымының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, 1 өнер мектебі, 1 оқушылар сарайы. Осы жылы 150 орындық өнер мектебі, келесі жылы 500 орындық оқушылар сарайы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мектеп оқушыларын ыстық тамақпен қамту үшін де барлық шаралар қабылданып, жағдайлар жасалған. 1-4 сынып оқушыларына толықтай ыстық тамақ беріледі. Бұдан бөлек, 54 мектеп ыстық тамақ қаржысын төлеу барысында қолма-қол ақшасыз карточкалық жүйеге өткізілген. Аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 7200 баланы жазғы демалыс лагеріне жіберуге және 62 800 балаға бір реттік көмек көрсетуге қаржы қаралды. Тиісті сала өкілінің есебін тыңдаған қала әкімі жастарды техникалық білімге бейімдеуді, дуальді оқытуды кеңінен қолдануды, педагогтердің бейімділік біліктілігін жоғарылатуды, жазғы лагерлердің жұмысын жандандыруды тапсырды.