450 ШАҚЫРЫМҒА ЖОЛ ТАҢБАЛАРЫ СЫЗЫЛАДЫ

Жол таңбаларының көлік қозғалысын реттеудегі маңызы айрықша. Сондықтан ағымдағы жылы Шымкент қаласында 450 шақырым көшенің жол таңбалары сызылып, жаңартылмақ. Оның ішінде 250 шақырым жолға таңбалар термопластикпен сызылса, қалғанына акрилді бояуды пайдаланбақ. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.

«Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 3200 шақырымнан астам көше болса, соның 1500 шақырымы жол таңбаларын сызуға жатады. Биыл соның 450 шақырымын жаңартуға қала бюджетінен 340 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Негізінен орталықтағы магистралды көшелерге 250 шақырым жол таңбалары термопластикпен сызылады. Қолданыстағы стандарттар бойынша оның қызмет ету мерзімі 6 айды құрайды. Яғни бұл таңбалар акрилді бояуға қарағанда 2 есе ұзақ сақталады» дейді Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Нұрбол Ілесов.
Айта кету керек, жол таңбалары көлік қозғалысына кедергі келтірмеуі үшін түнде сызылып жатыр. Мамандардың айтуынша, ауа райының және қоршаған ортаның әсеріне байланысты таңбалар тозған жағдайда күз айларында ішінара қайта сызылуы мүмкін.