ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚОЗҒАЛДЫ
Шымкент қаласындағы Қаратау ауданына қарасты Асар-2 шағын ауданының 11 мыңнан аса тұрғыны бар. Шағын аудандағы ең өзекті түйткіл – инженерлік инфрақұрылыммен қамту мәселесі. Мұны тұрғындар бір емес бірнеше рет көтерген болатын. Ауыз су, электр жарығы мен көшелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу турасындағы жоспарлар қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тұрғындармен өткен есепті кездесуі кезінде айтылды. Жекелей тоқталайық…
Бүгінде сапалы жарық әкелу бойынша 2139 электр бағанасы орнатылған. 24 КТПГ сатып алынып, нысан басына жеткізілген, сонымен қатар 30 шақырымға созылатын электр желісі де тартылған. Нәтижесінде 2700 үй сапалы электр жарығына қол жеткізіп отыр. Жоспарлау жобасының өзгеруіне байланысты жобаға енбей қалған 1130 үй бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Ол мемлекеттік сараптамадан өткен соң, бюджетке ұсынылмақ. Ал ауыз су және көгілдір отынмен қамту мәселесі 2 кезеңге бөлінген. 1-кезекте жоғарыда аталған 2700 үйге ауыз су жүйесі тартылды. 2-кезекте қамтылмаған қалған үйлерге қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Мердігер анықталып, жұмысқа кіріссе, 2023 жылы толығымен аяқталмақ.
Шағынауданда 38 көше бар. Оның үшеуі асфальтталған. 35 көшеге тас төселген. Ағымдағы жылы Күншоғыр және №1, 2, 3 атауы жоқ көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылы іс-шара жоспарына сәйкес, орташа жөндеу жұмысын толықтай аяқтау жоспарлануда. Былтыр Атакент және №8 көше жарықтандырылды. 2022 жылы Нұржол және №4 көше, 2023 жылы Күншоғыр және №1 көше, 2024 жылы — №2, 3 көшелер, 2025 жылы — №5, 6 көшелерге жарықшамдар қойылмақ. Сапалы интернет желісімен 2023 жылы қамтылады деген жоспар барын да айта кету керек.