МӘЖІЛІС МІНБЕРІНЕН ЗЕЙНЕТ ЖАСЫН ТӨМЕНДЕТУ ҰСЫНЫСЫ АЙТЫЛДЫ

Соңғы уақытта зейнет жасын төмендетуге қатысты пікірлер әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Бұған дейін де бірнеше рет көтерілген еді. Енді Мәжіліс мінберінде аталған түйткілді түйін қайтадан айтылып жатыр.

 

Нақтырағы, Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов қауіпті және зиянды өндірісте істейтін жұмысшылардың, яғни шахтерлер мен металлургтердің зейнет жасын 55 жасқа дейін төмендетуді ұсынды. Оның сөзінше, еңбек құқығын қорғау саласында қордаланған мәселе көп. Соның салдарынан жұмысшылардың жағдайы нашарлап барады. Әсіресе, адам өміріне қауіпті және аса зиян өндірісте істейтін шахтер мен металлург сияқты мамандықтар үшін аталған түйткілдің өте өзекті.
«Еңбек және халықты қорғау министрлігі жұмысшылардың құқығын қорғауда белсенді позицияны ұстануға тиіс деп санаймыз. Олар еңбек заңнамасына толығымен ревизиция жүргізіп, еңбек ететін қазақстандықтардың мүддесіне қайшы нормаларды түзетуі керек. Бүгінде капитал еңбекті жеңді. Корпорациялар мен олигархтардың пайдасы жүздеген мың кенші, металлург, құрылысшының денсаулығынан, өмірі мен мүддесінен маңыздырақ болып шықты» деді Мәжіліс депутаты вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында. Сондықтан қазіргі ахуалды ескере отырып, аса қауіпті өндіріс орындарында істейтін жұмысшылардың зейнет жасын төмендету керек.
Депутаттың сөзінше, аталған мәселе Мәжіліс мінберінен бірінші рет көтеріліп жатқан жоқ. Бұған дейін маңызын тізіп, дәлелдер келтіріп, дабыл қаққан. Әйтсе де тақырып жабулы күйінде келеді. Еңбек министрлігі де формализммен айналысып, мәселені шешуге қауқарлы жұмыс тобын құра алмай отыр. Бұл – үкіметтік деңгейде қаралатын мәселе. Ерлан Смайылов өз сөзін зейнет жасын 55 жасқа төмендету керегін айтумен түйіндеді. Ал үкіметтің нақты қандай шара көрері алдағы уақытта мәлім болады.