ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖҰМЫССЫЗДАР САНЫ 450 МЫҢНАН АСАДЫ
еңбек нарығындағы сұранысты неге ескермейміз?
Соңғы уақытта әлемде орын алып жатқан саяси оқиғалар көптің тұрмысына елеулі әсер етті. Логистикалық тізбектің бұзылуы салдарынан базардағы импорттық тауардың құны күрт өсті. Шеттен келетін азық-түлік бағасы да шарықтап барады. Жауапты сала басшыларының сан түрлі сылтау айтудан әріге аса алмай отырғаны да жалпақ жұртқа аян. Есептер мен мінбердегі баяндамаларда айтылатын «нығайып келе жатқан экономиканың» игілігін де елдің қашан көрері белгісіз. Осындайда тұралаған сауданың салдарынан жұмыстан қағылып, екі қолға бір күрек таппай жүрген жандар ойға оралады. Жалпы еліміздегі жұмыссыздар саны қанша? Қазақстандықтар қанша қаражатқа күнін көріп жүр? Саралап көрейік…
Ресми статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы мәлімет бойынша экономикамыздың түрлі салаларында 8,8 миллион адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 6,7 миллион адам жалдамалы жұмыс істейді. Бұл жалпы жұмыспен қамтылғандардың 76,1 пайызын құрап отыр. Ал 2,1 миллион адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, нәпақасын тауып жатыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл жұмыспен қамтылғандардың саны 35 мыңнан асып отыр. Бұл өткен жылдың І тоқсанымен салыстырғанда әлдеқайда көп. Қош делік, ресми деректің сандары мен көрсеткіштеріне дауымыз жоқ. Жұмыссыздық мәселесі қандай деңгейде? Базар жағалап, тозығы жеткен ескі көлікпен адам тасып, бірде нанын тауып, енді бірде азық-түлікке ақшасы жетпей жүрген жандар туралы статистика не дейді?
«Жұмыссыздар саны 453,1 мың адам. Жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз — 4,9 пайыз. Жұмыссыз, жұмыс іздемеген немесе жұмыс істеуге дайын емес 63,1 мың адам бар» деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы. Тағы да сандарды сөйлетейік, 15 пен 28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайызды құрайды. Ал жұмыс істемейтін және біліммен немесе оқумен айналыспайтын жастар үлесі 6,7 пайыз болып отыр. 2022 жылдың сәуірінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 193 мың жұмыссыз тіркелген. Осы тұста, жоғарыда аталғандардың баршасы ресми статистика екенін ұмытпауымыз керек. Шынайы өмірдегі көрсеткіштер бұдан да жоғары болуы бек мүмкін. Ал ендеше, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс заңдылығын зерттеп көрейік.
Ең әуелі жастардың жағдайына назар аударғанымыз жөн. Жасыратыны жоқ, мектеп бітіруші түлектердің көпшілігінің таңдауында ата-анасының үлесі бар. Нақтырағы, әрбір төртінші адамның немесе жалпы жастардың 23,7 пайызының шешім қабылдауына ата-ана әсер етеді. 6,4 пайыз түлек гранттың болғанына қарайды. 4 пайызы достарымен санаса отырып, шешім қабылдайды. Демек болашақ мамандардың үштен бірі өз қалауымен мамандық таңдамаған болып тұр. Ал ата-ананың шешіміне қоғамдық пікірдің әсер ететіні тағы бар. Мәселен, қазіргі уақытта осыдан бірнеше жыл бұрын сұранысқа ие болған мамандықтарға түсушілердің қарасы қалың. Нәтижесінде оқу бітіріп, дипломын қолына алған жас маман жұмыс іздеумен уақытын жоғалтады. Қала берді, ірі қалаларға барып, сондағы жұмыссыздық деңгейінің өсуіне сеп болады. Соңғы көрсеткіштер бойынша жұмыссыз жастардың дені Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Осының өзі-ақ көп нәрседен хабар берсе керек. Осы тұста әлемдік ахуалға назар салайық. Технологияның жылдам ілгерілеуінен жақын болашақта 85 миллион жұмыс орны жабылуы мүмкін. Демек бүгінгі кейбір мамандықтар еңбек нарығында сұранысқа ие болмай қалады деген сөз. Десе де 97 миллион жаңа жұмыс орны ашылады. 2030 жылға қарай шамамен 100 миллион жұмысшы кәсібін өзгертуге мәжбүр болмақ. Сондықтан мамандық таңдау мәселесіне асқан жауапкершілікпен жандасу керек. Еліміздегі қыруар қаржы көзіне айналған мамандықтардың қатарына инженер, ІТ-маманы, сату менеджері, құрылыстағы бөлім басшысы, HR-директор, стоматолог, дизайнер жатады. Енді заман сәт сайын құбылып тұрған мезетте мамандық таңдау мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Сондықтан қазірден бастап болашақ бағытты айқындап, жұмыссыздардың қатарын толықтырмаудың қамына кіріскен жөн сияқты.
Кей азаматтар жұмыссыздықтың басты себебі ретінде жалақының аздығын да алға тартады. Жалпы 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы Қазақстандағы орташа жалақы 285 мың теңгеден асып жығылды. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 54,6 мың теңгеге көп. Десе де мұның орташа көрсеткіш екенін ұмытпауымыз керек. Бұл тізімге миллиондап табатын топ-менеджердің жалақысы да, аула сыпырып, 60 мың теңгеге күнелтетін азаматтың нәпақасы да кіреді. Жасырытыны жоқ, алғашқыға қарағанда соңғысының үлес салмағы көп. Сондықтан баға құбылып, азық-түлік бағасы аспандап бара жатқан уақытта көптің қалтасына оңай тиіп жатқан жоқ. Осылайша ауыр жұмыс пен аз жалақы жұмыссыздардың айтар негізгі себебіне айналып отыр
Тағы бір толғақты түйін – ауылдардағы жұмыстың жоқтығы. Бүгінде қолынан іс келетін азаматтардың дені ірі қалаларға ағылып, құрылыс пен кафе жағалап жүр. Мақсаты – ауылда қалған отбасына ақша жіберу. Десе де тұрақты жұмысы болмай, бірде тоқ, енді бірде ашқұрсақ жүрген жандар жетерлік. Міне, осының салдарынан ұсақ бұзақылықтың саны артып барады. Осындайда Үкімет мәселені шешу үшін қандай шара көріп жатыр деген сауал ойға оралады. Бұдан біраз уақыт бұрын премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындысында ауылдарды дамытуды көздейтін пилоттық бағдарламаның оң нәтиже бергеніне тоқталды. Пилоттық жоба Жамбыл өңірінде жүзеге асқан. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, оған 2478 тұрғын қатысып, несие алған, сондай-ақ 25 елді мекеннен 11 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі іске қосылған. «Пилоттық жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру нәтижесінде әрбір отбасының табысы орта есеппен 4 есеге артты. Жеке кәсіпкерлер саны 2282-ге өсті. 589 жаңа жұмыс орны құрылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ға, жұмыссыздар саны 36%-ға азайды. Біздің есептеуіміз бойынша, жобаны іске асырудың бес жылында экономикалық тиімділік 14,9 млрд теңгені құрайды» деді облыс басшысы. Вице-премьер «Ауыл аманаты» деп атау берген жоба халықтың табысын арттыру бағдарламасының шеңберінде іске аспақ. Алдағы уақытта шалғайда жатқан елді мекендердің географиясы, жерінің құнары, су мәселесі терең зерттеліп, қандай дақыл егуге, қай кәсіпті бастауға болатыны туралы ақпарат жинақталмақ. Соған сай жоспар да құрылады. Десе де пилоттық жобаның ел бойынша нақты қандай нәтиже берері әлі белгісіз. Осы күнге дейін мінсіз жоба ретінде халыққа таныстырылып келе жатқан бастамалардың бірқатары іс жүзінде ойдағыдай нәтиже бермей жатқаны жасырын емес. Жұмыссыздық мәселесінің негізгі себептерін тарқата жазуға тырысып көрдік. Әйткенмен азаматтардың құлшынысын оятып, жұмыс іздеуіне немесе тәуекел етіп тірлік бастауына кедергі болып жатқан өзге де мәселелер болуы мүмкін. Әр азаматтың өз пікірі мен ұстанымы тағы бар…
Қорыта келсек, жұмыссыздық деңгейі қазіргідей сын сағатта ауқымды мәселеге айналып отырғаны жасырын емес. Ресейге салынған санкциялардың салдарынан солтүстік көршімізде мыңдаған адам жұмыссыз қалды. Енді нәпақа табудың қамымен шекара асып, біздегі еңбек нарығына елеулі әсер етпесе игі. Ал жоғарыда аталған мәселелер мен түйткілдер шешімін тапса, жұмыссыздық мәселесінің шешілуімен қатар халықтың әлеуметтік ахуалына да оң әсер ететін еді. Бастамалар бар. Ал олардың нақты қандай нәтиже берері уақыттың еншісінде…
Х.ДӘУЛЕТӘЛІ.