ДЕПУТАТТАР МЕН БАСҚАРМА БАСШЫЛАРЫ КЕЛЕС ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЫҢДАДЫ
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Amanat партиясын қайта жаңғырту бағдарламасы аясында шалғайдағы елді мекендерде мобильді қоғамдық қабылдау жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Біршама уақыттан бері Түркістан облысында аталған көшпелі жиындар өтіп келеді. Бұл жолғы мобильді қоғамдық қабылдау Келес ауданында өтті.
Кезекті кездесу Бірлік пен Ақтөбе ауылдық окрутерінде өтті. Ашық аспан астында өткен кездесулерге ауыл тұрғындары белсенді атсалысып, көкейде жүрген сауалдарын облыстық салалық басқармалардың өкілдері мен депутаттарға жолдады. Бірлік тұрғындары жайылым жер мәселесі, сонымен қатар Үшағаш елді мекенінде мектеп салуды сұрады. Ал ақтөбеліктер Ақжар және Ынтымақ елді мекендерінде интернет желісін жақсарту, Бозсу ауылының ішкі көшелері мен Ескіқорған елді мекеніндегі Жұмысшылар көшесін асфальттау туралы өтініш айтты. Сонымен қатар кездесуде атаулы әлеуметтік көмек мәселелері мен кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі сұрақтар да қойылды.
Облыстық басқармалар мен аудандық салалық дербес бөлім басшылары жайылым жер мәселесінде аудандағы 90 мың гектарға жуық аумақты ортақ жайылымға беру бойынша жұмыстар істеліп жатқанын айтты. Ал Үшағаш елді мекеніндегі мектеп мәселесінде қажетті жер телімі қарастырылып, СЖТ жасау жұмыстары жүргізілуде. Ақтөбе ауылдық округінің Ынтымақ елді мекеніне биыл «Билайн» операторы тарапынан базалық станция орнатылып, Ақжар елді мекеніндегі мектеп ғимаратына сапалы интернет желісін қосу бойынша жұмыстар атқарылады. Ал Бозсу және Ескіқорған елді мекендерінің ішкі көшелерін асфальттау бойынша жұмыстар биылғы жоспарға енген.