ЕНДІ СЕМІЗДІК ПЕН ҚАНТ ДИАБЕТІНЕ ШАЛДЫҚҚАНДАР ОТА ЖАСАТУ ҮШІН БАСҚА ҚАЛАҒА САБЫЛМАЙДЫ
Соңғы уақытта еліміздегі медицина саласының дамуы қарқын алған. Бұрындары күрделі ота жасату үшін шетел асатын отандастарымыз енді еліміздің өзінде де ондай күрделі оталарды жасау мүмкіндігі барын біле бастады. Өңір-өңірлердегі медициналық мекемелердің материалдық базасы жаңарып, дәрігерлердің тәжірибесі де толыға түсуде. Ол қатарда Түркістан облысы да бар.
Түркістан өңірінде бариатриялық хирургияны дамыту жоспары бар. Осыған орай, Түркістан облысының Қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен Астана Медицина университетінің профессоры, ҚР Бариатриялық хирургтар қоғамының төрағасы Орал Оспанов Түркістан қалалық орталық ауруханасында мастер-класс өткізді.
Мастер-класта 35-55 жас аралығындағы науқастарға ота жасалды. Бұл ота түрі күрделі саналады. Сонымен қатар семіздік пен қант диабетіне шалдыққан науқастарға жасалады. Яғни отада үлкейген асқазанның мөлшері кішірейтіліп, тікелей аш ішекке жалғанады. Нәтижесінде науқастардың салмағы қалпына келеді. Зат алмасу процестері де тұрақталады. Аталған оталарды жасатуға басқа қалалардан келгендер де бар. Отадан кейін науқастар 4-5 күн ауруханада ем қабылдайды. Ал отаның нәтижесі, яғни салмақтың азаюы, зат алмасудың қалыпқа келуі бір ай көлемінде сезіле бастайды. Алдағы уақытта аталған ота түрін дамытуға айрықша назар аударылып отыр.