ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША АКТИВ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жүзеге асыру бойынша актив отырысы өтті. Жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов болашақта болатын бірқатар маңызды өзгерістер жайына тоқталып өтті.

«Бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады. Сондықтан президенттің көптеген құзыретінен бас тартатытын айтты. Сонымен бірге, саяси партияларды тіркеу шегін төрт есеге азайтып, 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендетуді ұсынды. Бұл өз кезегінде жаңа партиялардың пайда болып, партияаралық бәсекелестікті арттырып, қоғамды демократияландыру үдерісін жетелдетеді» деді қала басшысы. Президент барлық партияларға тең мүмкіндік жасау үшін партия төрағалығынан кететінін жариялап, әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарын басқаруға заң жүзінде тыйым салу керегін мәлімдеген еді. Осы орайда, Мұрат Әйтенов партия атынан сайланған депутаттар сайлауалды бағдарламаның орындалуына қатаң бақылауда ұстап, жергілікті атқарушы орган мен сайлаушылар арасында алтын көпір бола білуі керек деп ойлайтынын жеткізді.
Жиын барысында қала әкімі Қоғамдық кеңеске мүше ұсыну құзыретінен бас тартатынын да айтты. «Қазіргі таңда Шымкент қаласында Қоғамдық кеңес құрамын жасақтау жүріп жатыр. Бүгінгі кеңестің 29 мүшесінің 10-ы не мемлекеттік қызметкер, не болмаса квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері болса, енді сайланып жатқан Кеңес толығымен азаматтық қоғам өкілдерінен құралады деген сенімдемін. Әкім ретінде менің Кеңестің 29 мүшесінің 9-ын ұсыну құзырым бар. Алайда бұл құзырымнан бас тартып, ешкімді ұсынған жоқпын. Үміткерлер өздері қатысып, тәуелсіз таңдау комиссиясы өздері шешім шығарады» деді Мұрат Әйтенов.
Президенттің азаматтық қоғамды дамытуға көп көңіл бөлгенін айтқан қала басшысы Шымкентте 840 үкіметтік емес ұйым тіркелгенін, өкінішке қарай оның бәрі бірдей белсенді қызмет атқармайтынын да атап өтті. Осы ретте қала әкімі кәсіпкерлерді азаматтық бастамаларды қолдауға шақырып, үкіметтік емес ұйым басшыларын мемлекеттік қолдаумен бірге, бизнес қауымдастықпен тығыз қарым-қатынас орнатуға тиіс екенін жеткізді.