ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ — САЯСИ ЖАҢҒЫРУДЫҢ ӨЗЕГІ
Қанша десек те “қасіретті қаңтар” оқиғасын айналып өте алмасымыз анық. Қазақ халқы ауыр сынақты бастан өткерді. Ұлын жоқтап ана қалды. Қаншама жар жолдасынан айырылып қара жамылды. Былдырлаған бүлдіршіндердің асқар тауы құлады. Аз ғана уақыттың ішінде қоғамның санасын үрей биледі. Ертеңіне алаңдаған әрбір қазақ демін ішіне бүгіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр сөзін асыға күтті.
Президентіміз осындай сын сағатта батыл шешім қабылдап, елдің басына төнген қара бұлтты сейілтті. Үмітсіздікке берілген көптің көкейіне қайта сенім ұялатып, болашаққа деген мықты да қуатты іргетасты қалап берді. Бүгінде әр қазақ мемлекет басшысының мәлімдемелерін тағатсыздана күтетін болды. Әр сөзі терең талқыланатын, жан-жақты зерделенетінін көзіміз көріп жүр. Соның айқын да жарқын мысалы ретінде жақында ғана жариялаған “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” атты Қазақстан халқына Жолдауын айтуға болады.
Мемлекет басшысы өз сөзін қаңтардағы дүрбелеңнен бастады. Рас, соңғы уақытта жыл басындағы қанды оқиға бойынша қоғамның санасында сан түрлі сауал топтасқан еді. Әлеуметтік желіде “жазықсыз адамдар жазаланып жатыр” деген айыптаулар кең тарады. Бұдан біраз уақыт бұрын ел президенті өзіне бағытталған үндеулерден хабардар екенін айта келе, тиісті органдарға заңсыздықтарға жол бермеу туралы тапсырма бергенін де мәлімдеді. Артынша адам құқығын қорғайтын арнайы комиссия да құрылды. Міне, осы арқылы мемлекет басшысы еліміздегі әрбір азаматтың құқығының қорғалуына, заң үстемдігі бар елде ешбір қауіп-қатерсіз өмір сүруіне барынша жағдай жасап жатқанын көрсетті. Жолдауда да “күні кеше ғана Парламент қабырғасында арнайы тыңдау өтті. Онда құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы толық есеп берді. Турасын айтқанда, мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмаған. Депутаттарға және бұқаралық ақпарат құралдарына бәрі ашық айтылды. Қоғамды мазалаған сұрақтарға жауап берілді. Бұл қаңтар оқиғасына әділ баға беруге, ең алдымен, биліктің мүдделі екенін көрсетеді. Мен мұны толық қолдаймын, біз ақиқатты айтуымыз керек. Бұл – менің жеке қағидатым” деп атап өтті. Осының өзі ақиқаттың ашылуы елдің ғана емес, президенттің де басты талабы екенін анық ұқтырды. Сын сағатта қабылданған шешімдердің әрбірінің маңызына тоқталып, тәптіштеп түсіндіріп те берді. Бұған дейін сан түрлі алып-қашпа әңгіменің жетегінде кетіп, абдыраған жұртқа баршасы түсінікті болды деген ойдамын.
Соңғы жылдары әлемде бірқатар даулы мәселелер орын алды. Әлемдік саясат күн сайын құбылып барады. Территориялық тартыстардың салдары әлем халқына ауыр тиіп жатқаны да жасырын емес. Сөз жоқ, мұндай кезеңде елдің берекесі мен бірлігі маңызды рөл атқарады. Жасыратыны жоқ, күн сайын құбылып жатқан қазіргідей уақытта қоғамның сан түрлі саласы жаңарып отыруы керек. Сол қатарда саясат та бар. Күні кеше қабылданған шешімдердің бүгін нәтиже бермей жатқанын көзіміз көріп жүр. Қала берді, қоғамның барлық саласының тамыры келіп саясатпен тұтасады. Бұл туралы мемлекет басшысы Жолдауда “Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе” деп атап өтті. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын көздейтін бастамалардың әрбірі халықтың жүрегінен жай алып, мемлекетке деген сенімін күшейте түсті. Бастамалардың бірқатарына тоқталайық…
Әлеуметтік желілерде партия құруға қатысты бастамалар көтеріліп тұрады. Бұл — қалыпты үрдіс. Қоғамда сан түрлі сала бар. Олардың да өз мәселелері жетерлік. Партияның сайлауалды бағдарламасы олардың бәрін қамти алмайды. Сондықтан азаматтар бірігіп, партия ашып жатса, құптарлық іс. Жасыратыны жоқ, бұған дейін партияны тіркеуде біраз мәселелердің болғаны жасырын емес. Өкілдер саны жетпей немесе тіркеу шегінен аса алмай саяси ұйым ретінде жұмысын бастай алмай жатқан жандарды ара-тұра көріп қалатынымыз да жасырын емес. Сондықтан ел президенті “партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады” деп атап өтті. Сөз жоқ, партиялар санының өсуі бәсекені күшейтеді. Саннан сапаға ауысады. Азаматтардың қалауы мен талабы ескеріліп, саяси додалар жоғары бәсекемен өтеді. Өз кезегінде, бұл үрдіс елдің дамуына тың серпін береді.
Еліміздің әкімшілік-аумақтың құрылымын жетілдіру бойынша көтерілген бастама халық арасында жиі талқыланып келе жатыр. Тіпті, тақырыптың буы әлі де басылмады. Тәуелсіздік жылдарында әлеуметтік-экономикалық себептерге орай бірнеше облыстардың біріктірілгені белгілі. Мұның уақыт талабы екенін барша біледі. Дегенмен бүгінгі ахуал басқа, жағдай мүлде өзге. Бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қала статусын алып, облыс атауы Түркістан болып өзгерген болатын. Облыс орталығы Түркістанның бүгінгі даму қарқыны да халықаралық деңгейде мойындалып отыр. Демек қабылданған шешім оң нәтижесін берді. Осыны ескерген президент “Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз. Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім” деді. Бұдан бөлек, Алматы және Жетісу облыстары да құрылатын болды. Жетісудың орталығы Талдықорған болса, Қапшағай Алматының орталығы болмақ. Бұдан бөлек, Қапшағай қаласына Дінмұхаммед Қонаевтың есімін беру бастамасы көтерілсе, қолдайтынын жеткізді. Мұның бәрі, біріншіден, әкімшілік басқару жүйесін жеделдетіп, аймақтарды тиімді дамытуға мүмкіндік береді. Енді мәселесін арқалаған жұрт жүздеген шақырымды басып өтіп, облыстық әкімдікке жүгінуіне қажеттілік жоқ. Екіншіден, бастама ұлт тарихындағы ұлы тұлғалардың есімін ел тарихында қайта жаңғыртады. Сондықтан да халық жоғары бағалап, сүйіншілеп жатыр.
Бұдан бөлек, президенттің өкілеттігі, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру мен қоғам институттарының рөлін нығайту, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы бастамалар да қоғам тарапынан жылы қабылданды. Қазіргідей елең-алаң шақтағы маңызы зор бастамалар екенін сарапшылар да жиі жазып жүр. Ел президенті жаңа Қазақстанды құрып, қуатты экономиканы жасақтауға қажет барша бастамаларды көтеріп, саяси жүйені жаңғырту бойынша батыл да ауқымды бастамаларды атап өтті. Десе де оның орындалуы өзімізге байланысты. Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп еңбектенгенімізде ғана келешегіміз кемел, болашағымыз жарқын болмақ. Баршамыздың отанымыз бір. Тарихы тереңнен бастау алып жатқан еліміздің іргесі беки берсін!
Нұралы
ДАВЛЕТЯРОВ,
Түркістан облыстық
мәслихатының
депутаты.