ЖОЛДАУ қоғамда кең қолдауға ие болып, жиі талқыланып келеді

Соңғы уақытта әлемдік ауқымда орын алып жатқан оқиғалар талайды толғандырып тастағаны белгілі. Украина мен Ресей арасындағы келіспеушілік салдарынан экономикалық байланыстар үзіліп, қатынас тоқтап жатыр. Сауда саласының алпауыттары солтүстік көршіміздің нарығынан шығатынын мәлімдеген сәттен бастап-ақ ауқымды әлеуметтік мәселелердің туындағаны да жасырын емес. Мыңдаған, он мыңдаған жұмысшылар табысынан айырылды. Сауда сөрелерінде самсап тұратын кей заттар қат тауарға айналды. Дүкендегі баға шарықтап, халықтың қалтасына қол сала бастады. Айқын аңғарғанымыз, экономикамен ғана әлемдік көшке ілесіп, қарыштап даму әсте мүмкін емес. Халықтың жады саяси тұрғыда жаңғырып отыруы тиіс. Сонда ғана ел ілгерілейді. Осы бір түсініктің астарын терең түсінген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана “Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы” атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Сөз жоқ, маңызды құжат көптің санасындағы сан түрлі сұрақтарға жауап берді. Тарқатайық…

Мемлекет басшысы алдағы уақытта Парламенттің рөлін күшейту керек екенін баса айтты. Бұл “халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік береді. “Күшті президент — ықпалды Парламент — есеп беретін үкімет” қағидаты саяси жүйеде орын алатын ауқымды өзгерістердің өзегі болмақ. Президентіміз Жолдауда аса маңызды, қоғам жиі талқылап жүрген, бірқатар сарапшылар қаузаған тақырыптар жайына да тоқталып, мәселені ашық айтып, өз ұсыныстарын да жеткізді. Солардың бірі — президенттің өкілеттігі туралы бастама. Елімізде суперпрезиденттік басқару үлгісінің іргесі қаланып, қалыптасқаны белгілі. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда мұның игілігін ел біліп, артықшылығының арқасында бірқатар қиындықтарды еңсергеніміз де жасырын емес. Дегенмен қазіргі уақыттың қойып отырған талабы басқа. Көптің саяси білімі артып, сауаты көтеріліп келеді. Сондықтан мемлекеттік билік те халықтың сұранысына орай бейімделе алуы керек. Осыны ескерген мемлекет басшысы Жолдауда “Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен Amanat партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет” деп атап өтті. Енді алдағы уақытта президенттің өкілеттігі тұсында партияға мүшелігін тоқтата тұрмақ.
Бұдан бөлек, бірқатар маңызды лауазымды тұлғалар да партиядан шеттетілмек. Алдағы уақытта президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болу мен квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға да заң жүзінде тыйым салынады. Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта сыбайлас жемқорлық тақырыбы жиі көтеріліп, кең талқыланып келеді. Мұны бірқатар азаматтар трайбализммен байланыстыратыны да жасырын емес. Міне, осының барлығын ескерген мемлекет басшысы алдағы уақытта барша заңсыздыққа апаратын жолдарға тосқауыл қойып, заңмен шекарасын белгілеп бермек. Қала берді, өзі президент бола тұра өз өкілеттігін шектеген мемлекет басшысы ретінде де халықтың ыстық ықыласына ие болмақ. Себебі мұндай жағдайлар өте сирек кездеседі. Осыдан-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси жүйені жаңғырту бастамасы жеке бастың қамы емес, халықтың пайдасы үшін, елдің көркеюі үшін жасаған ауқымды шарасы екенін аңғаруға болады.
Соңғы жылдары халықтың саяси сауаты өскенімен, сайлауға деген қызығушылықтың күрт төмендегені жасырын емес. Әрине, мұның да сан түрлі себебі бар. Десе де дамудың даңғыл жолына түсу үшін халықтың сайлауға деген белсенділігін арттырып, саяси додаларға түгел қатысуын қамтамасыз етуіміз керек. Мұны президентіміз де атап өтті. Жолдауда айтылған ең маңызды мәселелердің қатарында партияда жоқ азаматтардың Мәжіліс пен жергілікті өкілді органдарға сайлана алмауы да бар. Жоғарыда атап өткен сайлау науқанына деген қызығушылықтың төмен болуының бір ұшы осыған келіп тіреледі. Сондықтан мемлекет басшысы “Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде барлық азаматтардың құқығы толық ескеріледі. Пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталатын болады” деп атап өтті. Бастама халық тарапынан жылы қабылданды. Алдағы уақытта елдің, жергілікті жердің дамуына үлес қосқысы келетін азаматтар сайлау науқанына қатысып, өзінің потенциалы мен мүмкіндігін елдің дамуы жолына жұмсай алады. Бұл халық арасындағы құлшынысы жоғары, мүмкіндігі кең, көшбасшылық қабілеті бар азаматтардың іріктеліп, ел билеу ісіне араласуына зор ықпал етпек.
Мемлекет басшысы Украинадағы ахуалға қатысты геосаяси жағдайдың ушығып отырғанын да тілге тиек етті. Осындай сын сағатта көптің көкейін тескен қымбатшылыққа қатысты сауалдарға да жауап бере кетті. “Геосаяси ахуалдың қатты ушығып кетуіне байланысты Қазақстан қазіргі тарихымызда болып көрмеген қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келіп отыр. Қатаң санкциялық тайталас қазірдің өзінде жекелеген елдерді ғана емес, тұтас жаһандық экономиканы елеулі шығынға ұшыратуда. Ахуал жедел, тіпті сағат сайын өзгеруде. Әлемдік нарықта белгісіздік пен тұрақсыздық өршуде. Өндірістік және сауда жүйелері күйреп жатыр. Бірақ соған бола байбалам салуға негіз жоқ. Біздің елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резервтер мен амал-тәсілдердің бәрі бар” деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде, халық арасындағы негізсіз өткен баға сынды заңсыз әрекеттерге байланысты шұғыл шешім қабылдануы тиіс екенін тапсырды. Мемлекет тарапынан солтүстіктегі көршімізге салынған санкцияның салқынын қарапайым тұрғындар сезбеуі үшін барлық жағдайдың жасалатынын да тілге тиек етті. Мұның өзі абдырап, базар жағалап, азық-түлікке таласқан тұрғындарға демеу болды деген ойдамын.
Қорыта келсек, бұл жолғы Жолдау қоғамда кең қолдауға ие болып, жиі талқыланып келеді. Әсіресе, ұлт тарихындағы ұлы қайраткерлердің есімін облыс пен облыс орталығына беру бастамасы жұрттың көңілінен шықты. Әлеуметтік желіде де жылы пікірлер жазылып, жарияланып жатыр. Мұның өзі халықтың саяси білімі тереңдегенін аңғартса керек. Жолдауда айтылған бастамалар бір-екі жылдың еншісіндегі дүние емес. Оны жүзеге асыруға жылдар керек. Сондықтан барша қазақстандықтарды жұмыла жұмыс істеп, еліміздің ертеңін жарқын етуге атсалысуға шақырамын!

Айжан НАИМБЕКОВА,
Шымкент қаласы
мәслихатының депутаты.