ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСТАРЫНА САҚАДАЙ САЙ

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тапшылығын тудырмау мақсатында жергілікті атқарушы билік тарапынан қолға алынып жатқан шаралар шаш етектен. Соның бірі ерте пісетін көкөніс өнімдерін егуді қолға алу мен айрықша назар аудару. Мәселен, қазіргі таңда Түркістан облысында ерте пісетін картоп 8,5 мың, пияз 2,1 мың, сәбіз 1,9 мың және қырыққабат 7,8 мың гектарға егілуде. Аталған өнімдерді еліміздің басқа өңірлеріне жеткізу жөнінде бірнеше облыс әкімдігімен меморандумдар түзілген.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айтты. Аталған жиында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Облыс басшысының айтуынша, биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 848,4 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Бүгінде жоспарланған жаздық егістіктің (495 мың га) 35 мың гектары егілген.
«Өткен жылы бюджетті қалыптастыру барысында биылға 112 500 тонна минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға 4,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Алайда жыл басынан тыңайтқыш өндірушілер мен сатушылар тарапынан минералды тыңайтқыштар бағасы 2,4 есеге дейін өсті» деген аймақ басшысы тыңайтқыштар мәселесін шешуге қосымша қаржы қажет екенін алға тартты.
Қазіргі таңда Түркістан облысында дала жұмыстарын жүргізуге қолда бар техникалардың 92 пайызы сақадай сай. Жер айдау жұмыстары 88%-ға, сор шаю жұмыстары 75%-ға орындалған. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 50 мың тоннаға жуық жанармай да бөлінген. Үкімет басшысы көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізуді тапсырып, тыңайтқыштар мен пестицидтерді сатып алу құнының 50 пайызын субсидиялау әрі қарай жалғасатынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдар мен жем-шөптің қажетті көлемін себе отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыруды тапсырды.