СУ СПОРТЫНАН ОБЛЫСТЫҚ БІРІНШІЛІК ӨТТІ
Түркістан облысында спорттың дамуы үшін барша мүмкіндіктер қарастырылып келеді. Әлемдік деңгейде өтетін байрақты бәсекелерде елдің намысын қорғап, атағын аспандатып жүрген спортшылар да жоқ емес. Рас, мұндай ауқымды жұмыс пен нәтиженің артында спортшылар арасындағы жоғары деңгейдегі бәсеке жатыр. Ал бәсекенің негізгі өзегі – аудан мен облыстық деңгейде өтетін сайыстар. Міне, жас жұлдыздардың қабілетін көрсетіп, мүмкіндігін арттыратын дода – осы. Түркістан өңірінде елімізде кенже қалып келе жатқан спорт түрі бойынша облыстық біріншілік өтті. Ашып айтсақ…
Түркістан облысы, Леңгір қаласында Түркістан облысының су спорты түрлерінен олимпиадалық резервінің мамандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің біріншілігі аяқталды. Сайыста Түркістан, Кентау қалалары мен Шардара және Төлеби ауданынан спортшылары бақ сынады.
2007, 2008 және 2009 жылы туған және одан да жас спортшылар байдарка мен каноэда есу, академиялық есу, желкен спорты, жүзу мен триатлон бойынша жалпы дене дайындығын тексеріп, сынға түсті. 180 спортшы 3000, 2000, 1500 және 1000 метр қашықтыққа жүгіру бойынша да бақ сынасты. Бұдан бөлек, ұзындыққа секіру, турникке тартылу, зілтемір көтеру және өзге де жаттығу түрлері де сайыс қатарына кірді.
Жалпы облыстың су спорты түрлерінен спорт мектебінің өрендері өткен жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 366 медаль еншілеген. Оның 154-і – алтын, 104-і – күміс. Сонымен бірге 108 қоланы қанжығаға байлаған. Спорт мектебінің директоры Денис Жәрменовтың сөзінше, осы іріктеуде мықтылық танытқан жасөспірімдер облыс құрамасына қабылданып, ірі сайыстарға қатысады.
Қазіргі таңда Түркістанда халықаралық стандарттарға сай ескек есу базасының құрылысы жүріп жатыр. Жоба құрылысы аяқталса, республикалық және халықаралық жарыстарды облыс орталығында өткізуге мүмкіндік тумақ. Бұл аталған су спортының дамуына тың серпін береді.