САЙРАМНЫҢ ӨСІМДІК МАЙЛАРЫ САУДА СӨРЕЛЕРІНЕ ЖОЛ ТАРТПАҚ

Соңғы жылдары Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы турасындағы оң пікірлер жиі айтыла бастады. Облыс орталығын былай қойғанда, аудандардағы шағын және орта кәсіпкерліктің өзі талай азаматты жұмыспен қамтып, тұрмысын түзеуіне мүмкіндік туғызып отыр. Мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктердің шарапатын көріп, шаш етектен пайдаға кенеліп жатқан жандарды жазып та, айтып та жүрміз. Бұл жолы да дәл сондай игілігін ел көретін мекеме турасында жазбақ ниеттеміз. Тарқатайық…

Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Жібек жолы ауылында «Умирбеков» жаңа цехы ашылды. Мекеме өсімдік майын өндіреді. Агроөнеркәсіптік кешеннің жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жобаларды қолдау жалғасатынын жеткізді.
Жеке кәсіпкер Мирполат Урумбековтің айтуынша, цехта табиғи, таза өнімдерден мақта мен мақсары майлары өндіріліп жатыр. Тазартылған және иіссіздендірілген өсімдік майлары 4,5 және 5 литрлік көлемдегі пластикалық ыдыстарда шығарылады. Өндірілген өнімдер Түркістан облысы, Шымкент қаласы және Сайрам ауданының сауда орындарына жіберілмек.
Аталған цех барша қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Өсімдік майын дайындау мен сапасын тексеруге арналған арнайы зертхана бөлмесі де жұмыс істейді. Жеке кәсіпкердің жобаға жұмсаған қаражаты – 37 млн теңге.
Бүгінде күніне 35 тонна ұн өнімін шығаратын диірмен де іске қосылған. Жобаның құны – 370 млн теңге. Қазіргі уақытта диірмен облыс және аудан аумақтарына «Жібек жолы» сауда маркасымен 50 және 25 келі қаптармен қапталған жоғары және бірінші сұрыпты бидай ұнын сатылымға шығаруда. Кәсіпорын шикізатты жергілікті дәнді-дақылдар және мақсары егетін шаруа қожалықтарынан сатып алады. Бидай және ұн-май өнімдерін сақтайтын арнайы қоймалары да қарастырылған. Жергілікті 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Цех пен диірменнің ауыл шаруашылық мақсаттағы техникасы және тауар тасуға арналған жүк көлігі де бар.
Міне, еңбектенемін деген азаматтарға екі қолға бір күрек табылады. Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған азаматтар Түркістан облысында көп. Мұның өзі тиісті деңгейде атқарылған, жүргізілген түсіндірме жұмыстарының арқасы болуы бек мүмкін.