ИНТЕРНЕТТІ ПАЙДАЛАНУШЫЛАР САНЫ КӨБЕЙГЕН

Әлемде интернеттің даму деңгейі 2020 жылғы 59%-дан 2021 жылы 63%-ға дейін артқан. Осылайша жаһанда интернетті пайдаланушы абоненттерінің саны 4,9 млрд-қа жеткен. 2020 жылы бұл көрсеткіш 4,6 млрд болған. Сарапшылар интернетизацияның дамуына коронавирус індеті түрткі болғанын алға тартады.

ITU ұйымының 2021 жылғы бағалауы бойынша ТМД елдері интернетке қолжеткізу бойынша Еуропа елдерінен кейін екінші орында. Жалпы ТМД-ның интернетпен қамтылуы 82% болса, Еуропада бұл көрсеткіш 87 пайызды құрайды. Америкада интернеттің дамуы 81%, араб елдерінде – бар болғаны 66%, Азия-Тынық мұхиты аймағында – 61%, Африкада халықтың үштен бір бөлігі ғана интернетке қол жеткізе алады.
ТМД елдері бойынша интернетке қолжетімділік жағынан Қазақстан алдыңғы орында екен. Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының 2020 жылға арналған деректері бойынша елімізде ғаламторға қолжетімділік деңгейі 6 жастан асқан азаматтар үшін 85,9%, ал 16 жастан 74 жасқа дейінгі экономикалық белсенді халық арасында 89% пайыз болған.