63 МЫҢҒА ЖУЫҚ СТУДЕНТКЕ ЖАТАҚХАНАДА ЖАЙ ЖОҚ

Бүгінде елімізде көптеген жастар жатахқанаға мұқтаж. Бұдан биліктегілер де хабардар. Оған осы аптада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимовтың мәлемдемесі дәлел. Өз кезегінде ол инвесторларды, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің қаржылық қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына қаржы салуға шақырды.

Ведомства өкілінің сөзінше, 63 мыңға жуық студентке жатақханаларда орын жетіспейді. Мұндай жағдай республиканың барлық аймақтарында кездеседі. Жағдай дәл осылай жалғаса берсе жатақханаларда орын тапшылығы тағы да көбеюі мүмкін. Себебі студенттердің саны өсе түсетіні белгілі.
Жатақхана мәселесі бірнеше жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді. Осыған байланысты 2018 жылы сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жатаххана тапшылығын шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидасымен жатақхана салуды бас¬тауы керектігін айта келе «Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді»,-деп қадап айтқан болатын.
Әдеттегідей сол кезде де биліктің бишігін ұстағандар Тұңғыш Президенттің бұл бастамасын қос қолдап қуаттап, оның орындалатынына кәміл сенген болатын. Сол кезде 42 мыңнан астам студентке жатақханадан орын тапшы екені айтылған. Ал қазіргі таңда бұл көрсеткіш 63 мыңға жуықтап тұр. Осылайша төреші уақыт санасына сәуле шашуға талаптанған жастардың жайы туралы Президенттің нақты тапсырмасы болғанмен, оның орындалуы жүрдім-бардым жүргізілгенін көрсетіп отыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл тапсырмасы туралы Білім және ғылым министрлігінің өкілі Абзал Ибраймов «2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті бес әлеуметтік бастамасын жариялаған болатын. Солардың бірі студент жастардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталған. Осы міндетке қол жеткізу үшін жекеменшік сектордың ауқымды қатысуын көздейтін мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі әзірленді. Біз инвесторларды, жеке кәсіпкерлерді мемлекеттің қаржылық қолдауымен студенттік жатақханалар құрылысына қаржы салуға шақырамыз. Бұл процеске кезекті әлеуметтік нысанды тұрғызу ретінде емес, табысты, тұрақты және келешегі мол бизнес-жоба ретінде әлдеқайда ауқымды қарауды ұсынамын», – деп айтты.
Осылайша нақты тапсырма бойынша құрылысы қарқын алуы тиіс жатақхана тапшылығын шешуде биліктегілер әзірге түсіндіру жұмыстарынан артық ештеңе көрсете алмай отыр.