ШЫМКЕНТ ҚАШЫҚТАН ЖҰМЫС ІСТЕУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛАЛАР ҚАТАРЫНДА

Коронавирус пандемиясы әлемді әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Бірақ пандемия кейбір салаларға оң өзгеріс сыйлады. Соның бірі – онлайн сауда мен төлем операцияларының ұлғаюы. Бұдан бөлек, білім саласында қашықтан оқыту үдерісі қолға алынып, жүйелі жолға қойылды. Сонымен қатар қашықтан жұмыс істеу процесі кең тарады.

Жуырда inbusiness.kz Қазақстанда қашықтан жұмыс істеуге ең қолайлы қалалардың алғашқы бестігін жариялады.
Көш басында Алматы қаласы тұр. Былтыр бұл мегаполисте қашықтан жұмыс істеу бойынша 4 мыңға жуық ұсыныс тіркелген. Қашықтан жұмыс істеу қарқыны жоғары қалалар тізімінде елорда екінші орында. Одан кейінгі орындарға Қарағанды облысы, Шымкент қаласы мен Атырау облысы жайғасқан.
Өткен жылы жұмыс берушілердің қашықтан жұмыс істеуге ниет білдіргендерге ұсынған орташа жалақы мөлшері 150 мыңнан асқан. Бірақ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ұсынылған еңбекақы әлдеқайда жоғары. Шамамен 312 мыңға дейін барады. Одан кейінгі жоғары жалақы Алматыда — 240 мың теңге және Шымкентте — 215 мың теңге.
Сарапшылар әдетте кеңседен тыс жұмыс істеу туралы ұсыныстар ақпараттық технологиялар, іскерлік қызметтер және білім беру мекемелері (мемлекеттік емес) тарапынан болатынын алға тартады.