ЖҮЛДЕЛІ БОЛУ ҮШІН ЖАҒДАЙ ЖАСАУ ҚАЖЕТ…

Өткен жексенбіде Қытай астанасы Бейжіңде өткен XXIV Қысқы Олимпиада ойындары аяқталды. Байрақты бәсекеде Қазақстаннан 34 спортшы өнер көрсетті. Олар шаңғы жарысы, биатлон, фристайл-могул, фристайл-акробатика, шорт-трек, конькимен жүгіру, тау шаңғысы, шаңғы қоссайысы және шаңғымен тұғырдан секіруден бақ сынасты. 109 медаль сарапқа салынған жарыста отандастарымыз жеңіс тұғырынан көріне алмады. Осылайша олар елге бос қоржынмен құр қол қайтты. Төрт жылда бір келетін Қысқы Олимпиада ойындарында сайыпқырандардың өрнекті ойын көрсете алмағандарына жанкүйерлер өкпе танытып жатқаны белгілі. Бірақ додаға барып қайтқан спортшылардың да өз айтарлары бар.
Мәселен, Бейжіңдегі жарысқа барып, шорт-тректен төртінші орын алған Абзал Әжіғалиев күткен нәтиженің болмауына спортшыларды ғана кінәлі деп санау негізсіз екенін ашып айтқан.
Ол әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында өзі шұғылданатын шорт-тректің басты проблемаларын атап өткен. Оның сөзінше, спорттың бұл түрі бойынша спортшылардың бабын шыңдауға елордадағы «Алау» кешені ғана ыңғайлы, Бірақ нысан жекеменшікте. Сол себепті ұлттық құраманың спортшылары үшін «Алаудың» есігі әрдайым ашық бола бермейді. Тек Олимпиаданың алдында ғана сол жерде жаттығуға мүмкіндік алған.
Осыған ұқсас проблеманы Бейжіңде спорттың осы түрінен жарыс жолына түсіп, 8-орынға жайғасқан Әділ Ғалиахметов те айтқан болатын. Ол бұл спортпен айналысу үшін Қазақстанда тиісті жағдай жасалмағанын, сондықтан да Ресейдің Уфа қаласында жаттығатындарын мәлімдеген.
Спортшылардың бұл жанайқайын тиісті ведомства негізсіз емес екенін бірден мойындады. Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Әжіғалиев айтқан мәселені мойындайтындарын, мұз айдыны бар ірі нысандардың көбі жекенің қолына берілгенін, бірақ бұл мәселені шешуге тырысып жатқандарын айтты.
Бұл шын уәде ме әлде келесі Олимпиадаға дейін «сүт көп, көмір аз» деп айтыла салған сылтау ма оны уақыттың өзі көрсетеді. Бір анығы ел абыройын асқақатады деген үмітпен Қысқы Олимпиада ойындары үшін бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржының қысқы спорт саласында ернеуінен асып тұрған біраз мәселені шешуге жаратылмағаны анық болып отыр.
Қоржынға медаль салмаса да Қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен спортшылар белгілі бір сомада сыйақы алады. Мысалы, шорт-тректен төртінші орын алған Абзал Әжіғалиев 40 000 АҚШ доллар (17,1 миллион теңге) сыйақы алады. Ал қалған Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова және Яна Хван есімді шорт-трекшілер 10 000 доллардан (4,1 миллион теңге) қаржы алады. Қысқы Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар мен бапкерлерге 140 мың доллар (60 миллион теңгеге жуық) қаржы бөлінеді.
Егер Қысқы Олимпиада ойындарында спортшыларымыздың қанжығасы майланып алтын алған жағдайда 250 мың доллар, күміс медаль иесі болса 150 мың, қола медальды олжаласа, 75 мың доллар сыйақы алар еді.