ӘЙТЕНОВ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІН ТЫҢДАДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов біраздан бері қала аумағындағы шағын аудан тұрғындарымен тілдесіп, мәселелерін тыңдап жүр. Бұл жолы Мәртөбе, Таскен тұрғын алабтарының халқымен кездесті.
Қазіргі уақытта 9 мыңнан аса тұрғыны бар Таскен тұрғын алабы сапалы электр жарығымен толық қамтамасыз етілген. Табиғи газ бен сапалы ауыз су мәселесі 98 пайызға шешімін тапқан. Енді жаңақұрылыс аумағының инфрақұрылымы қолға алынады.
Ал 1500 гектар аумақты алып жатқан Мәртөбе ауыз су, газ, электр жарығымен толықтай қамтылған. Онда 5 мыңнан аса тұрғын тұрады. Таскендіктер Пәрмен көшесінің электр желілері мен бағаналары, трансформаторларының тозығы жеткенін айтты. Сонымен қатар жаңақұрылыс аумағындағы инфрақұрылым мәселесін де көтерді. Ал мәртөбеліктер суармалы жерлер мәселесі және мектеп пен ауруханаға деген мұқтаждық мазалайтынын жеткізді.
Тұрғындардың өтінішін тыңдаған қала әкімі айтылған ұсыныстардың ұзақ және қысқа мерзімде шешілетінін тілге тиек етті. Мәселен, мектеп пен аурухана сынды әлеуметтік нысандарды салу орынды таңдау, оны дайындау, жобалау, құрылысты жүргізу сынды процестерден өтеді. Бұған біраз уақыт қажет. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Пәрмен көшесінің электр желілері мен бағаналарын, трансформаторларды ауыстыруды «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-на тапсырды. Ал салалық басқармаға жаңақұрылыс аумағын табиғи газ және ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жобалық сметалық құжаттамаларын әзірлеуді жүктеді. Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына Мәртөбе тұрғын алабының суармалы жерлер көлемін есептеп, «Ақсу» МКК мекемесімен бірлесе отырып су лимитін көтеру керегін баса айтты.
Кездесу соңында Мұрат Әйтенов елді мекендердегі көшелерге асфальт жүргізу, жарықтандыру және спорт алаңшаларын салу жұмыстарының кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің бақылауда болатынын жеткізді.