МОБИЛЬДІ ИНТЕРНЕТ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ
Интернет сапасының нашарлығынан мазасы қашып, цифрлық жүйенің тиімділігін көре алмай жүрген шымкенттіктердің мәселесі шешімін тауып келеді. Өткен жылы қаладан шалғай орналасқан 14 елді мекенге базалық станция орнатылды. Нәтижесінде мобильді интернет желісімен қамту көрсеткіші 91 пайызға жеткен.
Бұл туралы цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдіраханов
@akimat_shymkent инстаграм парақшасында өткен тікелей эфир барысында баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, ағымдағы жылы интернет сапасы төмен 11 елді мекенге базалық станция орнатылады. Олар — Ақниет, Қызылжар, Мәртөбе, Достық, Жаңаталап, Елтай және Тоғыс, Тәуелсіздікке 20 жыл, Азат, Тұран, Асар және Құрсай шағын аудандары. Нәтижесінде, 71 200 қала тұрғыны сапалы интернетке қол жеткізіп, қамту үлесі 95% жетпек.
«2021 жылы жеке инвестор есебінен 10 елді мекенге талшықты оптика желісі жүргізіліп, 100 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік жасалды. Ал 2022 жылғы жоспар бойынша, 15 қаладағы елді мекен (Самал-3, Ақниет, Қызылжар, Ынтымақ, Жайлау, Қарасу, Солтүстік-Батыс, Қарабастау, Забадам, Мирас, Мәртөбе, Асар-2, Қайнарбұлақ, Құрсай, Қазығұрт) талшықты оптика желісімен қамтылады» деді Ә.Әбдіраханов.
Айта кету керек, өткен жылы қаладағы 30 қоғамдық орынға Ubiquiti Networks технологиясы арқылы тегін WI-FI іске қосылған болатын. Биыл да бұл үрдіс жалғасады. Атап айтсақ, қоғамдық орындарды интернетпен толық қамту үшін 9 жерге 25 құрылғы орнатылады.