КЕҢЕС ҚҰРАМЫ ТАҒЫ ДА ӨЗГЕРДІ

Осы аптада Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамы тағы да өзгерді. 2019 жылдың маусымында Президент Жарлығымен құрылған кеңес құрамынан StopFake.kz жобасының жетекшісі, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Александр Данилов, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» Халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры, Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі Лаура Демесінова және «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Омаров шығарылды.

Еске сала кетсек, аталған азаматтар өткен жылдың қаңтар айында ротация аясында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамынан шығарылған А.Қожахметов, Ш.Мұқан және Е.Тұрсыновтың орнына енген болатын.

Сонымен қатар  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғаннан бастап оның құрамында болған Абылай Мырзахметовте кеңестен шығарылды.

Бұл азаматтардың орнына Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына 5 адам енді. Олар: Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры, Петропавл қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Сергей Худяков, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина, қаржыгер Расул Рысмамбетов.

Құрылғанына екі жылдан аса уақыт толған құрамның бүгінге дейін алты отырысы өткен. Қазіргі таңда жетінші отырысқа дайындық жүргізілуде.