ЕҢБЕГІМІЗ БАЛАЛАРДЫҢ БАҚЫТТЫ БОЛУЫМЕН ӨЛШЕНЕДІ
Шымкентте мамандандырылған бөбектер үйі бар. Мекемені өмірге енді тәй-тәй басқаннан бастап төрт жасқа дейінгі балалар паналайды. Туылғаннан ата-ананың ыстық алақанының табын сезінуден қағылғандықтан мемлекет қамқорлығына алынған бұл балаларға бөбектер үйінде қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Қарны тоқ, көйлегі көк. Құнарлы тағам мен жайлы төсек-орын. Зейінін ашатын түрлі бұйымдар. Ойын жабдықтары. Тірек-қимыл аппараттары бұзылған балалар үшін арнайы құрылғылар. Ең бастысы мамандандырылған қызметкерлер жұмыс істейді. Бірақ мұндағы балалар мекеменің өз үйі, жылы қонысы еместігін сезініп, ата-ана мейірімін аңсап жүретіні тағы бар. Мұны мекеменің бас дәрігері Ғалымжан Айнабек терең түсінеді. Сондықтан да оларды бөліп-жармайды. Бәріне бірдей қарап, қолынан келер қамқорлығын аямайды. Бұған «Бөбектер үйіндегі балалардың қанша пайызы балажан қазақ халқының ұрпақтары?» деген сұрағымызға бас дәрігердің «Мекемеге қабылданған сәбилердің барлығы қазақстандықтар» деп қысқа қайыруынан анық аңғардық. Десе де, ұжымды басқарып қана қоймай, талай балаға асқар тау әке қамқорлығын танытып жүрген бас дәрігердің айтары да көп.
– Ғалымжан Асанұлы Шымкенттегі мамандандырылған бөбектер үйіне бас дәрігер болып тағайындалғаныңызға үш жылдан астам уақыт толды. Осы уақыт ішінде бұл нысанда қандай жұмыстарды атқарып келесіз?
– 1989 жылдан бері денсаулық саласында еңбек етіп келемін. Гиппократқа ант берген дәрігер ретінде қайда жүрсем де, қандай істің бел ортасынан табылсам да өзіндік қолтаңбамды қалдыруға тырысыман. Бұған дейін Шымкенттегі жұқпалы аурулар ауруханасында бас дәрігер болдым. Ол жерде жұмыстан бас көтеретін уақыт табылмайтын. Жылдам тарайтын жұқпалы індетті алдын алу, оның ілмегіне іліккен науқастардың емделіп шығуын үйлестіру, аурудың өршуіне жол бермеу сынды жұмыстарды басшылыққа алып, бақылауда ұстау кәнігілік пен күш-қуатты талап ететін. Ал қазіргі жұмысым одан да көп жауапкершілікті талап етеді. Иә, бұл жерде атқарып жүрген жұмысың әрдайым ел назарында бола бермейді. Себебі, бұл жабық мекеме. Бірақ мен арқалаған жауапкершілік атан түйеге жүк.
– Мамандандырылған бөбектер үйінің балалар үйінен айырмашылығы не?
– Біз дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап 4 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймыз. Бұл балалардың көбі әртүрлі себептермен ата-анасынан уақытша қол үзеді. Сондықтан да оларды түпкілікті тастанды немесе жақын-жуығы жоқ деп тағдырына «үкім» кесе алмаймыз. Мысалы, оң босағада отырып балалы болған, бірақ етегі шаранаға былғанғанын жақындарына айтпаған немесе өзі әлі қабылдай алмай жүрген жас аналар бауыр етін осы жерге алып келеді. Енді бірі жалғызбасты ана болғандықтан, баласы тұрмақ өзін асырап бағуға шамасы жоқтықтан тауы шағылып өткізеді. Әдетте анасынан уақытша ажырап жататын мұндай балаларды біз мекеме жанынан құрылған «Үміт» орталығына орналастырамыз. Өкінішке орай, анасы да әкесі де бас тартқан тастанды балалар бар. Мекеменің қамқорлығында туа бітті дерті бар балалар да бар. Мамандандырылған бөбектер үйі ата-анасы өмірден озғандықтан бүтін бір отбасының балаларына пана болып отырған жағдайлар бар. Әртүрлі ахуал. Қилы тағдыр. Қайткен күнде де біз бұл балаларды 4 жасқа дейін қамқорлығымызда ұстаймыз. Бағып-қағамыз. Тәрбиелейміз. Сырқаты барларға қажетті ем-домның бәрін қамтамасыз етеміз. Бұл үшін қажетті құрал-жабдықтар мен қаржы мемлекет есебінен алынып, төленеді. Жалпы елімізде дәл осындай 17 мамандандырылған бөбектер үйі бар. Оның бірі Шымкентте. Қаламыздағы мамандандырылған бөбектер үйі 50 балаға арналған.
– Өмірге келгеннен бастап маңдайы тасқа тиген бұл жеткіншектердің ендігі тағдыры не болады?
– Бұл сұраққа тоқетер жауап айту қиын. «Үміт» орталығында жүрген көп сәбиді есін жинап, еңсесін тіктегін аналары әкетіп жатады. Жалпы әр баланың тағдыры осындай бақытты сәттермен өрілуіне біз көп екпін түсіреміз. Яғни «Үмітке» орналастырылған әр бала ана мейірімінен қағылмауы керек. Сол үшін анасы аптасына кем дегенде бір рет бөбектер үйіне келіп, сәбиін көріп, құшағына басу қажет. Бұл жөнінде біз ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Барлық аналармен байланыста боламыз.
Өкінішке орай бөбектер үйінен кейін үйіне емес, балалар үйіне жолданатын тастандылар бар. Оларды балалар үйіне төрт жасқа толған соң өткіземіз. Ал туабітті сырқаты бар, дамуы кенжелеп қалған бүлдіршіндерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты әлеуметтік мекемелердің қамқорлығына тапсырамыз. Мұның бәрін айту оңай. Бірақ бірнеше жыл бойы пана болған ұядан оларды ұшыру бізге зор жауапкершілік. Айтады ғой, әр адам өз тағдырының суретшісі деп. Бірақ бұл жерге түскен балалардың тағдыр суретін көбіне көп біз сызып жатамыз. Мына жағдайды айта кетейінші. Бізге шақалақ кезінен Нұржан есімді (авт. есімі өзгертілген) бала түсті. Туылғаннан жұлынына зақым келген. Сырқаты туабітті. Сондықтан жүруі неғайбыл деген нақтама қойылды. Бірақ қарқынды ем жүргізсе жағдайы оңалатынын дәрігер ретінде көріп, сездім. Бізге жеткізілген соң, оған күрделі ота жасалуын жолға қойдық. Ота жасалған соң біздегі мамандар оған түрлі оңалту шараларын жүргізді. Арнайы жаттығулар жасады. Ол үшін қажетті құрал-жабдықтардың бәрі қамтамасыз етілген бізде. Содан не керек, мүлдем жүріп-тұра алмайды деп диагноз қойылған баламыз, дуал жағалап жүретін жағдайға жетті. Шауып кетпесе де, кейін балтақпен жүретін болады. Мұның өзі арбаға таңылып, семіп жатқаннан гөрі жақсы ғой. Санасы айқын екенін көріп, оны әлеуметтік мекемеге тапсырмадық. Керісінше қатарынан қалмасын, көзі ашылсын деп мектеп-интернатта тәрбиленуіне қол жеткіздік. Міне көрдіңіз бе? Тек оның емес, әр баланың жағдайына осындай жауапкершілікпен қараймыз.
– Бөбектер үйі 2016 жылы 89 балаға пана болыпты. 2017 жылы 87 балаға, 2018 жылы 63 балаға. Яғни жыл сайын азайып жатыр. Биыл қанша баланың ыстық ұясына айналып отыр?
– Қазіргі таңда мұнда 40 бала бар. Бұл жақсы нәтиже. Бұдан адамдардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі артып жатыр деген тұжырым жасауға болады. Қазіргі таңда бұл жерде 40 жеткіншек бар. Оның 20-сы «Үміт» орталығында. Яғни, анасының уәдесі бойынша бөбектер үйін уақытша паналап жүргендер.
– Бөбектер үйіне қабылданған балалардың жыл сайын азайып бара жатқанын, мұны мәдениетіміздің артып, материалдық жағдайымыздың жақсарып келе жатқанымен байланыстырдыңыз. Бірақ өз баласын туған бойда қоқыс жәшігіне, әжетханаға тастап кетіп жатқан аналар туралы оқиғалар тіркеліп жатыр. Мұны қайда қоямыз?
– Мұндай жағдайларды айту да, қабылдау да өте қиын. Десе де, санқилы тағдырды көріп, біліп жүрген маман ретінде мен оң босағада отырып, ана болып, барар жер, басар тауы қалмағандықтан сәбиін осы жерге тастап кетіп жатқан немесе уақытша тапсырғанды түсіне аламын. Алдаудың, сатқындықтың құрбаны болған оларды сөгуге дәтім бармайды. Артық ауыз сөз де айтқым келмейді. Бірақ құрсақтан енді шыққан баланы адам аяғы баспайтын жерге тастай салу – үлкен қатыгездік. Кешірілмейтін жәйт. Тоғыз ай тоғыз күн көтеріп жүріп, өмірге келген соң қара жерге тастай салғанша, бізге яғни, мамандандырылған бөбектер үйіне, мемлекет қарауына өткізген әлдеқайда сауап әрі дұрыс шешім. Бұл құрсағындағы баласын қаламай, оны әлден өзекке тебуді ойластырып жүрген аналарға алтын сырға болсын.
– «Үміт» орталығы туралы тарқатып айтып берсеңіз…
– Аталған орталыққа орналастырылған біраз баланың тағдыры ұқсас. Көбінің анасы оң босағада отырып, құрсақ көтеріп, ана болған қаракөздеріміз. Иә, олар жастықпен жаңылыс қадам жасады. Солай екен деп етегіндегі сәбиін тастап кетпейді. Бірақ оны бағып-қағайын десе өзінің мүмкіншілігі жоқ. 18-19 жастағы жас қыздың қандай жағдайы болсын?! Сосын бізге өткізеді. Бұл баладан бас тартып, өз қағынан өзі жеріп, оны құдыққа, қоқысқа тастап кеткеннен гөрі дұрыс шешім. Уақытша 4 жылға тастап кетеді. Бұл мерзім олардың оқып, білім алып, жұмысқа орналасып, өмірде өз кетігін таба алуына толық жетеді деп санаймын. Ең бастысы ниет. Ниет болса, бәрі жақсы болады. Мынадай бір қызық жағдай болды. Бір жас қыз жұмыс істеу үшін өзге өңірге барып, жүмысқа орналасады. Ол жерде бір жігітпен көңіл жарастырады. Содан не керек, балалы болады. Бірақ жөпелдемеде жағдайдың бұлайша күрт өзгеріп кететінін жігіт күтпесе керек, қызды қолына қондыра қоймайды. Ашуға булыққан қыз бізге келіп, баласынан бас тартатынын айтады. Ә-дегеннен келісе кеткен жоқпыз. Райынан қайтарып, әуелі уақытша қалдыруға болатынын, кейін жағдайы реттелсе, алып кетуге мүмкіндік бар екенін түсіндірдік. Осылайша баласын түпкілікті тастап кетуге оқталған жас ананы райынан қайтардық. Түсіндіру жұмыстарынан соң өзгерді ма әлде өзінің ашуы шайы орамал кепкенше ме білмедік, әйтеуір, баланы басыбайлы мемлекет қамқорлығына қалдырмайтынын, келіп, көріп тұратынын айтып кете барды. Сонымен ол баласын көріп, мейірімі ояна бастады. Мұны бәріміз байқадық. Баланың әкесіне деген ашуын да ұмытты. Сәл күннен соң баланың әкесі де келді. Сөйтіп үшеуі кетті баланы алып. Отбасын құрып. Көрдіңіз бе баланың періштедей пәк қылығы, көз жанары бәрін-бәрін өзгертеді.
– Дұрыс айтасыз. Сіз бір сұхбатыңызда осы жердегі балалардың жақсы болуға деген талпынысы мені оларға бар жақсыны сыйлауға баулыды деген сарында пікір білдіріпсіз…
– Бұл мемлекеттік мекеме. Мұндағы балалар үшін мемлекет барлық жағдайды қамтамасыз етіп отыр. Жылы жұмсақ тамағы да, жайлы жабдықтар, қажетті құралдар. Ойыншықтары бәрі-бәрі. Енді соны дұрыс қолдану, олардың игілігі үшін мақсатты пайдалануын жолға қою менің азаматтық әрі кәсіби міндетім. Бұл жерде тәрбиеленіп отырған әр балаға жеке сәйкестендіру нөмірін алып беруден бастап, оның дұрыс қалыптасуына, денсаулығында кінарат болса, оны емдеуге жіті көңіл бөлемін. Қызметкерлермен ақылдасамын. Балалардың біразы мені ата дейді. Көрсе менен мейірім күтеді. Көтеріп, құшағыма басқанымды қалайды. Балаға керек дүние көп. Бірақ алдыңғы орында мейірім тұрады. Мен оны жақсы түсінемін. Сондықтан да қамқорлығымды аямаймын. Туабітті денсаулығында ақауы бар балаларға мемлекеттен арнайы жәрдемақының берілуі үшін құжаттар рәсімдейміз. Жәрдемақысы кейін өзіне жаратылуы үшін, өздерінің атынан жинақ ашамыз. Олар осылай сәби болып жүре бермейді. Қаратабан болып, өсіп, ес білгенде осы қамқорлығымызды сезініп, қайырымды ұрпақ болады деп есептейміз.
– Бөбектер үйіндегі баланы асырап, бауырына басқысы келген ниеттілер кездеседі ме?
– Осы ретте мына жәйтқа баса назар аудара кетейік. Ата-анасы, асыраушысы жоқ тұл жетімдер, тастанды балалар мен ата-ана құқынан айырылған балалар ғана асырап алуға, патронаттық тәрбиеге беріледі. Олар туралы мәліметтердің барлығы республикалық арнайы базада жинақталады. Бала асырап алуға ниеттілер баланы сол базадан іздейді. Ал ата-анасынан айырылғанмен туысы бар балалар, анасы бөбектер үйіне уақытша өткізген сәбилер асырап алуға, патронаттық тәрбиеге берілмейді. Заң жүзінде оған рұқсат жоқ. Және мемлекет ондайға жол бермейді. Ондай балалар тікелей біздің бақылауымызда. Олардың өз туысының қамқорлығына өтуіне немесе анасының қолына баруына бар мүмкіндікті қарастырамыз.
Дей тұрғанмен, «жалғыздың үні шықпайды» деген сөз бар. Түрлі тауқыметтен баласын мемлекет қамқорлығына емес, өзекке тебетіндер мүлдем болмас үшін тек біздің дабыл қаққанымыз аздық етеді. Ол үшін әкімдік құрылымындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, білім, денсаулық басқармасындағы мамандар мен құқық қорғау органы қызметкерлері ақпараттық насихат айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге үлес қосса нұр үсіне нұр болар еді. Себебі аталған салада жүрген қызметкерлер қиын тұрмыс, ауыр жағдайдан өзінің және балаларының тағдыры қыл үстінде тұрған азаматтар мәселесімен бетпе бет келеді. Оларға тығырықтан шығар жол ретінде біздің мамандандырылған бөбектер үйінің қызметін бағыт-бағдар ретінде ұсынса біраз бала бұлыңғыр болашақтан құтқарылатыны сөзсіз.
Сұхбаттасқан:
С. ИБРАГИМОВА.