ҚАЗАҚ ӘСКЕРІНІҢ ӘЛЕУЕТІН КӨРСЕТЕ АЛМАДЫ Бектановқа берілген баға

Өткен жылдың 31-тамызында мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Бектанов ҚР Қорғаныс министрі болып тағайындалған еді. Ол оған дейін ведомства басшысының орынбасары қызметін атқарған. Сол кезде Бектанов атқарған ісінен гөрі, қит етсе отставкаға кетуге әзірмін деген сөзімен ел есінде қалған Нұрлан Ермекбаевтың орнына тағайындалған еді.

Ермекбаев өзін Қорғаныс министір қызметінен босату туралы Президентке рапорт жазуына 26-тамызда Жамбыл облысында Байзақтағы инженерлік оқ-дәрілер сақталған қоймадағы жарылыс  түрткі болған. Экс-министр ай күннің аманында жарылысқа жол бергені үшін өзіне қарата айтылған сындардан шығар жалғыз жолды осылай шешкен еді.  Оның орнын басқан Бектановтан былайғы жұрт нәтижелі жұмыстар күткен болатын. Бірақ қандай да бір сеңнің қозғалғаны осы күнге дейін байқалмады. Керісінше кешегі қаңтар оқиғасы кезінде Мұрат Бектановтың көшбасшылық қабілетіне ел куә бола алмады. Бұл туралы ойды мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «сын сағатта армия әлеуетін көрсете алмады» деген сөздермен жеткізді.

Президент бұл сөзіне ҰҚШҰ мүше елдерден бітімгершілік күштерін елге алдырту содан туған мәжбүрлік болғанын негіз ретінде келтірді. Осылайша бес айға жуық уақыт елдің Қорғаныс министрі қызметін атқарған Мұрат Бектанов лауазымынан  босатылды. Оның орнына Қорғаныс министрі болып Руслан Жақсылықов тағайындалды. Ол бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары әрі Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы қызметінде болған.

Мемлекет басшысы ендігі кезекте еліміздің қарулы күштеріне бақылау күшейіп, талап артатын жеткізді. Ол жаңа басшыға Арыс, Байзақтағыдай қару жарақ сақтайтын нысандарда төтенше жағдайлардың орын алуын алдын алу шараларын мүлтіксіз орындау қажеттігін айтты. Ол үшін қоймалардағы қажетсіз оқ-дәрілерді жою шараларын жүзеге асыруды шегеледі. Сонымен қатар қолданысқа жүргеніне жарты ғасыр уақыт толған Кеңес дәуіріндегі техникаларды жаңартуды жеткізді.