«ТАШКЕН КӨРГЕН» ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІҢ ДӘУРЕНІ БІТЕДІ

Көрші елдермен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өнімдерінің бағасы тым арзан. Мұны біздегі магистралдар арқылы өтетін транзит көліктерін тізгіндегендер ұтымды пайдаланады. Яғни бағасы тиімді болған соң олар әртүрлі жолдармен жанар-жағармайды көптеп алуға тырысып бағады. Енді өзге елден келетін транзит көліктері үшін мұндай батпан құйрық болмайды. «Көлеңкелі экспорттың» көрігін қыздыратын мұндай әрекеттер болмас үшін жанар-жағармай құюға қосымша бак орнатқан транзит көліктерінің  ел аумағына кіруіне қатаң тыйым салынбақшы. Яғни пысықтығы иненің көзінен өтетін «Ташкен көрген» жүргізушілердің дәурені бітеді.

Бұл туралы еліміздің су жаңа Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.

Онсызда алты ай бойына бағасын көтеруге уақытша тыйым салынған мұнай өнімдерінің өз еліміздің тұрғындарына жетуін барынша қамтамасыз ету үшін министрлік жоғарыдағыдай шектеуден бөлек, транзиттік көліктің ел аумағына тәулігіне бір рет қана өтуіне рұқсат беріп отыр. Сонымен қатар кейбір мұнай өнімін экспорттық кеден бажын төлемей, теміржол арқылы магистрал вагондарға тиеп жөнелтуге де тыйым салынады. Ведомства  уәкілетті органдар тарапынан шекарада мұнай өнімдерінің автокөлікпен алып кетуіне жол бермеуін бақылауды күшейтуді алға тартып отыр. Сонымен қатар автожанармай құю стансаларында импорттық отынға сараланған баға белгілеуді,  көктемгі дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу рәсімдерін нақты регламенттеуді,  бензин мен дизель отынын қоспағанда, мұнай өнімдері мен жартылай фабрикаттарға экспорттық кедендік бажды мұнайдың экспорттық кедендік бажының деңгейінен төмен емес дәрежеде ұлғайту мүмкіндігін қарастыруды тапсыруда.