МЫРЗАҒАЛИЕВТІҢ МҰРТЫ ДА ҚИСАЙМАДЫ
Кеше Мағзұм Мырзағалиев Президент кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Ол бұған дейін еліміздің Энергетика министрі қызметін атқарған. Одан алдын еліміздің Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қызметінде болған. Сол кезде Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсартуда түрлі жобалар жасалып жатқандығы туралы жаңалықтарымен бірнеше рет көк жәшік арқылы төбе көрсеткен. Бірақ былтыр қыркүйектен бастап Энергетика министрі болып тағайындалды да, ведомстваның бұл бастамалары қаншалықты орындалып жатқаны беймәлім болып кетті.
Мырзғалиев Энергетика министрі болған төрт ай ішінде ел есінде несімен есте қалды? Бұл сұраққа жауап табу қиын. Бір анығы ол ведомства басшысы ретінде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына жол берді. Бұл олқылығын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өзі де мойындады. Сол үшін де Президенттен сөгіс алып, беті қызарды. Бірақ дәнеңе де жоғалтпады. 11-қаңтарда жаңадан жасақталған Үкіметтен кетті. Араға екі күн салып, Президент кеңесшісі атанды.
Сонда қалай? Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұтас ведомстваны басқарып, бәлендей қателік жіберген Мырзағалиевке деген ашуының басылғаны ма әлде одан басқа кеңесші болар кадрдың табылмағаны ма?
Қайткен күнде де Президенттен сөгіс алып, Үкімет үйінен кеткеннен Мырзағалиевтың мұрты да қисаймады. Енді ол Ақордада жұмыс істейді.