ШЕТЕЛДІК ӘСКЕРЛЕРДІҢ МИССИЯСЫ АЯҚТАЛДЫ
Кешеден бастап Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік әскерін елден шығару басталды. Бұл процес он күнге дейін жалғасады.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11-қаңтарда Мәжілісте жасаған мәлімдемесінде ҰҚШҰ бітімгерлерінің Қазақстандағы миссиясы аяқталғанын, соған сәйкес шетел әскерлері елден екі күннен кейін шыға бастайтынын хабарлаған болатын. Бітімгершілік мақсатта келген әскерлер елімізге жаппай қырғын басталғанда (6-7 қаңтарда) жеткізілген болатын. Барлығы 2030 сарбаз бен 250 техника елге орналастырылған. Әскерлер мемлекеттік мекемелерді күзету үшін әкелінген.
Кеше ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась Алматыға арнайы барып, бітімгершілік күштерінің қолбасшысы генерал-полковник Андрей Сердюковпен жолығып, қаладағы ахуалмен танысып, арнайы күзетілген пункттерді аралаған. Ол әскерлерді салтанатты түрде кезең кезеңімен алып кету үшін он күн жеткілікті болатынын айтқан.