Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім тапшы өңірлердің мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім тапшы өңірлердің мәселесін шешудің жаңа тәсілін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сапалы білімге қолжетімділікті арттыру сөзсіз басым бағыт болып табылады. Бұл – бүкіл қоғам дамуының аса маңызды факторы. Біз мектептерді қалай материалдық жағынан қамтамасыз етсек те, білім сапасын жақсы мұғалімдерсіз көтеру мүмкін емес», -деді Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында.
Сондай-ақ, ол мұғалім тапшы өңірлерге үздік педагогтарды тартудың жаңа тәсілін ұсынды. «Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім –мектептің жүрегі. Сондықтан мен мұғалімдер тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтарды тартудың арнайы қолдау пакеттері бар арнайы бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы. Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында ҚР Премьер-Министрі лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын ұсынып, оны Мәжіліс қабылдады.
Президент жуықта Қазақстанды саяси трансформациялау жөніндегі жаңа ұсыныстарын жариялайтынын айтқан. Сондай-ақ, ол 7 қаңтарда халыққа жасаған үндеуінде Үкіметке бүгінгі Мәжіліс отырысында натқы тапсырмалар беретінін айтқан еді. «Үкімет менің 11 қаңтарда Мәжілісте айтатын сөзіме қатысты нақты шешімдер қабылдауы керек», -деген Мемлекет басшысы.