ОРТАЛЫҚ КӘСІПТІ НӘСІПТІ ЕТЕДІ

Қоғамда нәзік иығымен нар тұлғаға бергісіз іс тындырып жүрген әйелдер жетерлік. Олардың біразы қолға кәсібін алға жылжытуда іскерлік қырымен танылып жататыны да белгілі.

Дегенмен де кәсібінің болғанын қалайтын, бірақ оған білімі мен қабілеті жете бермейтін нәзік жандылар қаншама. Оларға оң бағыт беріп, қолға алған ісінің көзін таба білуіне жәрдемдесу үшін Түркістанда «Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту» орталығы ашылды. Аталған орталық кәсіпке ебі бар көп әйелге практикалық тұрғыдан көмек көрсететін ортақ алаңға айналады. Мұнда табыс табуды үйренуге талпынған кез келген әйел кеңес алып қана қоймай, қолдау мен көмекке де қол жеткізеді.
Орталықтың іске қосылуы Ынтымақтастық қорының, Ұлттық экономика министрлігінің, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әріптестігі аясында жүзеге асты.
Әу баста осы әріптестік арқылы мұндай орталықты еліміздің барлық орталығы мен республикалық маңызы бар қалаларда ашу жоспарланған. Түркістан қаласынан ашылған нысан алдағы уақытта ашылатын 17 орталықтың алғашқысы болып табылады. Бастама Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылады және оны Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жүзеге асырады. Нысанның салтанатты ашылуына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Жетпісбай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.
Айтулы іс шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығы және Әйелдер кәсіпкерлігінің халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Ұлттық статистика деректері бойынша Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындардың үлесі 42,3%-ды құрайды. Олардың көпшілігі осы саладағы жұмыс орындарының 31,4%-ын қамтамасыз ететін шағын және орта бизнес. Қолдау орталықтары арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер ханымдар мен жеке кәсіпті қолға алған қыз-келіншектерге қаржылай емес барлық қызмет түрлерінен қолдау көрсетіліп, жеке бизнес жобаларды іске асыруда практикалық көмек түрлері ұсынылатын болады. Онымен қоса оқыту тренингтері мен шебер-класстар ұйымдастыру, жеңілдетілген несие беру бағдарламаларына, кооперативтік қозғалыстарға тарту, дайын өнімдерді нарыққа өткізу аясын кеңейту жағынан көмек көрсету көзделген.
Айта кетейік, биыл мұндай орталық Алматы және Маңғыстау облыстарында, ал 2022 жылы еліміздің барлық өңірінде ашылады.