ТӘУЛІГІНЕ 120 МЫҢ ҚЫШ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Алдағы желтоқсан айында Ордабасы ауданында екі ауқымды жоба іске асады. «Индустрияландыру картасы» аясында іске қосылатын жобаның бірі – озық технологиямен жабдықталған «Bokei» қыш зауыты. Тәулігіне 120 мың қыш өндіретін өндіріс орнының тамырына қан жүгірту үшін 2 млрд 600 млн теңге жұмсалған. Кәсіпорын жергілікті 60 азаматты тұрақты жұмыспен қамтитын болады.
Жылжабар айда іске қосылатын келесі жоба «Александровский сад» көкөніс сақтау қоймасы. Нысанның жалпы құны 800 млн теңге. Онда 15 адам жұмыспен қамтылады. Аудан шаруаларының өнімдерін сақтауда аталған қойма таптырмас орынға айналады. Жалпы ауданға ағымдағы жылдың 9 айында 15 млрд 296 млн теңге инвестиция тартылған. Бұл 2020 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2 млрд 731 млн теңгеге көп. Бүгінде аудан көлемінде 10 954 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Оларда 16 669 адам жұмыспен қамтылған. Өндіріс саласында жалпы 39 кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Есепті кезеңде осы кәсіпорындармен 1 млрд 599 млн теңгенің өнімі өндірілген. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 353 млн теңгеге артық.
Аудан экономикасының жетекші бағыттарының бірі ауыл шаруашылығы саласы. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 9 айда 50 млрд 372 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14 млрд 381 млн теңгеге ұлғайған.